Қоғам

Ет пен сүтке қойылатын талап жоғары

Петропавлға Қазақстан стандарттау және метрология институтының өкілдері келді. Елордалық мамандардың мақсаты – өңірде өндірілетін ет пен сүтті Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің техникалық талаптарына сәйкестендіру. Тиісті ережені бәрі білуі тиіс. Сондықтан, арнайы ұйымдастырылған жиынға жергілікті өндірушілер шақырылды. Ерғали Ғабдулин бірнеше жылдан бері сүтті бағыттағы ірі қара ұстайды.

ЕРҒАЛИ ҒАБДУЛИН, «Больше-Малышенское» ЖШС басшысы, Қызылжар ауданы:

– Ленинград облысынан мал әкелдім. Басында 100 бас сиыр болды. Қазір 350-ге жетті. Соның 120 басын сауамыз. Күніне 1 тоннадай сүт аламыз.

Көлем де, сапа да маңызды. Егер көл-көсір өнім өндіріп, зертханалық тексеріс кезінде қандай да бір кемшілік анықталса, тауар шекара аспайды. Тиісінше, еңбек далаға кетеді, табыс еселеп азаяды. Мұны болдырмас үшін елордалық мамандар Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің техникалық талаптарын баян етті.

АЛЕКСАНДР РАЗАРЁНОВ, “ҚазСтандарт” РМК техникалық реттеу жөніндегі үйлестіру орталығы басшысының орынбасары, Астана қаласы:

– Отандық өндірушілер өнімді таңбалау, атау және өндіру бойынша сұрақтармен жиі жүгінеді. Мұны біз құптаймыз. Себебі, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің техникалық талаптарында дәл осы пунктер бар. Біз Солтүстік Қазақстан облысына сұранып келдік десек болады. Өңір – сүт өндірісі бойынша көш басында. Президент өзінің соңғы Жолдауында бұны тілге тиек етті.

Меймандар жиын барысында қатысушылардан өзекті мәселелерді сұрады. Астанадағы арнайы орталық оларды халықаралық деңгейде қарауға қауһарлы екен. Сөз барысында ұсыныс та айтылды. Елордалық мамандар Ресеймен шекарада тұрған біздің өңірде заманауи зертханалардың саны артқанын қалайды.

 

Байболат Култанов