Балалар

Мүмкіндігі шектеулі балалар арасында облыстық фестиваль өтті

«Үміт». Петропавлда мүмкіндігі шектеулі балалар арасында облыстық шығармашылық
фестиваль өтті. Қатысушылар 4 номинация бойынша өнер көрсетті. Олар: вокал, хореография, аспаптық орындау мен ым-ишарамен ән айту. Дәстүрлі шараға 100-ден аса ерекше ұл-қыз жиналды. Сахнаға бірінші болып қалалық 24-ші орта мектебінің оқушысы Карина Щербакова шықты. 8 жасар қыз «Сұр қасқыр» мультфильміндегі әнді орындады.

КАРИНА ЩЕРБАКОВА, байқауға қатысушы, Петропавл қаласы:

– Бұл әнді көңілді болғандықтан таңдадым. Байқауға 1 ай көлемінде дайындалдым. Негізі, конкурс атаулыдан қалыс қалмаймын. Ән айтудан бөлек сурет салғанды ұнатамын. Бір сөзбен айтсам, жаным шығармашылыққа жақын.

Кейін ортаға Жамбыл ауданынан келген Данияр Айдос шықты. Жеткіншек дауысымен әрі әнімен жүректі елжіретті.

ДАНИЯР АЙДОС, байқауға қатысушы, Жамбыл ауданы:

– Мен «Небо над землей» әнін орындадым. Оны бала кезімнен білемін. Өз-өзіме сенімді болсам да дәл сахнаға шығар кезде қобалжып қалдым. Содан болар әннің сөздерінен жаңылып қалдым. Жалпы, ән айтуға бала кезімнен жақынмын.

Өнерпаздардың өнерін қазылар алқасы бағалады. Қойылған белгілі бар талаптар бар.

САЯН ЕРМЕК, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі:

– Карантиннен кейін фестивалімізді қайта жандандырып отырмыз. Басты мақсат – даму мүмкіндігі шектеулі балалардың өнерін көрсету. Көбінесе ұл-қыздар вокал және хореография номинациясы бойынша қатысып отыр.

Шара соңында өнер көрсеткен ұл-қыздардың барлығы марапатқа ие болды.

 

Гульден Симбаева