Қоғам

Коммуналдық қызметкерлер күшейтілген жұмыс режиміне көшті

Петропавлдық коммуналдық қызметкерлер үшін жауапты кезең басталды. Олардың алдында шаһарды механикалық тазалау, қар шығару және көктайғаққа қарсы құм-тұз қоспасын себу міндеті тұр.

Жұмыс жауапты әрі ауқымды. Мамандар іске ерте кіріседі. Көшеде адам мен көлік саны артпай тұрғанда негізгі шаруа аяқталуы тиіс.

ӘСЕМ АЙТУЛОВА, Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

– Коммуналдық қызметтер кешеден бері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Таңғы 6-дан жолдарға құм-тұз қоспасы себілді. Мұндай жұмыс аялдама маңында, жаяу жүргіншілер жолында да жүргізілуде.

Шаһар билігі маңызды кезеңге тыңғылықты қамданыпты. Бірсыпыра техника әзір тұр. Әжептәуір құм-тұз қоспасы да дайындалыпты.

ӘСЕМ АЙТУЛОВА, Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

– Биыл қалада механикалық тазалау және қар тазалау жұмысымен 160-тан астам техника айналысады. Қажеттілік туындаса, техника саны артады. Одан бөлек, 2200 текше метр құм-тұз қоспасы дайындалды.

Синоптиктердің болжауынша, алдағы 2 күнде бүгінгідей ауа райы сақталады. Көшелерде көктайғақ болуы мүмкін.

 

Байболат Култанов