Құқық қорғау органдары

СҚО-да психикалық ауытқуы бар 138 адам көлік басқарған

Облыс прокурорлары кезекті бұзушылықты әшкере етті. Бұл жолы қадағалаушы орган өкілдері өңір аумағында көлік басқарған психикалық ауытқуы бар жандарды анықтады. Статистикаға сүйенсек, заңның ала жібін аттағандардың саны 100-ден асып жығылады.

ӘБУ-ӘЛИ САТТАР, СҚО прокурорының бірінші орынбасары:

– Прокурорлық тексеріс барысында 138 адамға жүргізуші куәлігі заңсыз берілгені анықталды. Бұл адамдардың барлығы әртүрлі психикалық аурулармен ауыратыны белгілі болып отыр. Қазір қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде кінәлі адамдар жауапкершілікке тартылады.

Арнайы есепте тұрған адамдардың бірі қоғамдық көлік те басқарыпты. Ол Петропавлда жолаушы тасымалдаған екен. Іске прокурорлардың араласуымен жүргізуші жұмыстан шыққан. Көкейде “Бұл жандар құжатты қалай алды?” деген сұрақ туындайды. Әбу-Әли Саттардың сөзінше, заң бұзған тұлғалардың басым бөлігі куәлікті онлайн режимде созған.

ӘБУ-ӘЛИ САТТАР, СҚО прокурорының бірінші орынбасары:

– Куәлікті созатын уақыт болады. Сол кезде бұл тұлғалар медициналық орталықтарға бармай Kaspi қосымшасы арқылы созған екен. Мұны біз анықтадық. Біздің Үйлестіру кеңесінің шешімімен орталық мемлекеттік органдарға өзіміздің ұсынысымызды енгіземіз.

138 адамның арасында жүргізуші куәлігін жасатқандар да болуы мүмкін. Ол тексерістен кейін анықталады. Жалпы, өңір жолдарында жағдай мәз емес. Соңғы екі жылдың ішінде 1 мыңға тарта адам апатқа ұшыраған. Өкінішке қарай, 82 тұлға қаза тауыпты.

 

Байболат Култанов