Қоғам

Әлеуметтік қызметкерлер құрметке бөленді

Қазанның соңғы жексенбісі – Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні. Бүгін кәсиби мереке қарсаңында қалалық мәдениет үйінде салтанатты шара өтті. Сала өкілдерін төл мейрамдарымен облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев құттықтады. Өңірде аталған салада 2,5 мыңға жуық адам еңбек етеді.

ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, облыс әкімінің орынбасары:

– Сіздің жұмысыңыз үлкен күш-жігерді, эмоционалды жауаптылық пен кәсіптілікті талап етеді. Қоғам өмірінде халықты әлеуметтік қорғаудың рөлі жыл сайын артып келеді.

Кезек марапаттау рәсіміне келіп жетті. Жиында көпжылдық өтілі бар, еңбегі орасан жандар құрметке бөленді. Оларға облыс әкімінің орынбасары Құрмет грамотасын табыстады. Еңбегі еленгендердің бірі – Күләйім Ақпамбаева. Бұл салада 30 жылға жуық тер төгіп келе жатқан нәзікжанды бүгін “Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі” деген төсбелгі тағынды.

КҮЛӘЙІМ АҚПАМБАЕВА, Тимирязев аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы:

– Менің жұмысым – қиын жағдайдағы немесе аз қамтылған жандарға жәрдемақы тағайындау. Бұған дейін бухгалтер болып істегенмін. Осы 30 жылға жуық уақыттың ішінде талай жанның тағдырымен таныс болдым. Бұл салада жұмыс істеу үшін қайсар әрі адал болуың керек деп ойлаймын.

Еліміздің игілігі, әлеуметтік-еңбек саласының тұрақты дамуы мен экономиканың кемелденуі жолында сіңірген еңбегі үшін Гүлбақыт Манабаева да марапатталды. Ол еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің облыстық департаментінде 12 жыл бойы талмай тер төгіп келеді.

ГҮЛБАҚЫТ МАНАБАЕВА, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Жалпы, әлеуметтік қорғау саласында қызмет ету тек қана кәсіби деңгейдің жоғары болуын ғана талап етпейді, сонымен қатар, адам бойындағы мейірімділік, қамқорлық, адамгершілік сияқты қасиеттердің болуын талап етеді. Бүгінгі күні әріптестерімді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Зор денсаулық, отбасыларына амандық, бақ-береке тілеймін.

Шара соңында сала қызметкерлеріне концерттік бағдарлама ұсынылды.