Мәдениет

Анжелика Белескаеваға арналған қайырымдылық концерт өтті

28 жастағы Анжелика Белескаева соңғы 3 жылдың ішінде 35 сәуле емін қабылдаған. Дәрігерлер нәзікжандыға ішек қуысының диффузды мезотелиомасы диагнозын қойыпты. Қазір ол анасымен бірге Оңтүстік Кореяда. Шұғыл түрде операция жасалып, ем-дом шараларын қабылдауы керек. Сондықтан, қайырымды қала тұрғындары Анжеликаға қайырымдылық концертін ұйымдастыруды шешкен.

СӘЛІМХАН СӘБИТОВ, облыстық ішікі саясат басқармасы жанындағы жастар ресурстық орталығының маманы:

– Өздеріңіз көріп отырғандай зал толық. Бұл біз үшін өте қуанышты жайт. Зал арқылы керекті қаражатты жинадық деп есптеймін. Біз осындай сәттерде үнемі қолдауға дайынбыз. Қолымыздан келгенше көмектесеміз. Енді тілейтінімз тек қана тезірек сауығып, елімізге аман-есен оралсын дейміз.

Анжелика Белескаева Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығының директоры болып жұмыс істейді. Ауылдастары жан-жақтан көмектесіп, барынша демеу көрсетуде. Қайырымдылық концертке әріптесі Айнұр Ілияс келіпті.

АЙНҰР ІЛИЯС:

– Біз жуырда хабарламалар іліп, өз күшімізбен ақша жинауды бастаған болатынбыз. Кейін филармония ұжымы мен қала еріктілері осындай қайырымдылық концерт өткізуді ұсынды. Біз оған қуана келістік. Осы шарадан жиналған қаражатты Анжеликаға жібереміз. Сосын кореялық дәрігерлер керек емді тағайындап, операция жасайды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша билеттің 80%-ы сатылған. Жүректері мейірімге толы жандар шама-шарқылары келгенше көмек қолын созуда. Игі іс жасауға ұмтылған әртістер мен әншілер де кезекпен сахна төріне шыға бастады.

Анжеликаның еміне 12 млн теңге қажет. Осы игі шара барысында 1 млн 436 мың теңге жиналды. Бұл қаражат шетелдегі жерлесімізге жіберілді. Анжеликаға қол ұшын созамын деген жандар ақшаны экранда көрсетілген реквизиттер бойынша жолдай алады.