Спорт

Петропавлда орман шаруашылығы қызметкерлері арасында спартакиада өтті

Алдағы жексенбі күні орман шаруашылығы қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтеді. Атаулы датаға орай облыс орталығында табиғат жанашырлары арасында спартакиада бастау алды. Барлығы – 4 команда. Ұжымдар теннис, волейбол, шахмат, тоғызқұмалақтан сынға түседі.

Елена Новокрещёнова “Есіл” орман шаруашылығында еңбек етеді. Нәзікжанды – спартакиаданың тұрақты қатысушысы. Азаматша осымен 3-ші жыл теннистен сынға түсуде.

ЕЛЕНА НОВОКРЕЩЁНОВА, “Есіл” орман шаруашылығының директоры:

– Ұйымдар арасындағы жарысты тұрақты түрде өткізу қажет. Бұл ұжым арасындағы қарым-қатынасты нығайтады. Жұмыстан бір сәтке тынығып қаламыз.

Жалпы, бұл жарысқа келмес бұрын әр ауданда іріктеу сайыстары өткізіліпті. Мықтылар іріктеліп алынып, облыстық спартакиадаға келіп отыр.

БЕЙБІТ ИСМАНОВ, СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

– Шара қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған. Қатысушылар сайыс жайлы жылы лебіздерін білдіріп жатыр. Бәсекелестік жоғары. Сайыстың барлығы да жоғары деңгейде өтуде. Бүгінде өңірде орман шаруашылығы саласында 700 адам еңбек етеді.

Өткен жылы жеңіс табиғи ресурстар басқармасына бұйырған екен. Биылғының үздігі жарыс қорытындысы бойынша белгілі болады. Мықтыларға бағалы сыйлықтар, кубок пен грамоталар беріледі.

 

Алдияр Айтпаев