СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Ғауез Нұрмұхамбетов Уәлиханов пен Ақжар ауданында болды

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Уәлиханов ауданында болды. Кішкенекөл ауылында аймақ басшысы жабық үлгідегі жүзу бассейнінің құрылысымен танысты. Ол ұзындығы 25 метрді құрайтын 4 жолақтан тұрмақ. «ALTYN LTD» серіктестігі жауапты іске шілде айының басында кіріскен. Шаруа келер жылдың сәуір айында аяқталуы тиіс.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Спорттық-сауықтыру орталығына қарағанда бұл нысанды салу әлдеқайда қиын. Мұндай ғимараттағы ең маңызды дүние – су құйылатын аумақ. Құрал-жабдықтарға, тазалыққа мән беріңіздер.

Спорт нысанында бассейнмен қатар, жаттығу залы да жұмыс істемек. Облыс әкімі мұндай нысан аудандарда салына бермейтінін ерекше атап өтті. Өңір жетекшісі бір ауысымда 250 келушіні қабылдауға қауқарлы емхананың құрылыс алаңында да болды. Ғимарат келесі жылы пайдалануға беріледі. Шаруа кестеге сай жүргізілуде. Емдеу мекемесінің бас дәрігері аймақ басшысына медицина кадрларының тапшылығын айтты. Ауданға онколог, жалпы тәжірибелік дәрігер, хирург қажет.

ЛИЛИЯ ФЕДОТОВА, емхананың бас дәрігері, Уәлиханов ауданы:

– Біз өзіміздің кардиологты оқуға жібердік. Ол резидентураға түсті. Биыл гинеколог жұмысқа қабылданды. Екінші гинеколог маман келесі жылдың сәуір айында декреттік демалыстан шығады. Мамандарды тартудамыз, әкімдік көмектесіп тұрады.

Бұдан кейін Ғауез Нұрмұхамбетов «Жолдасбай Агро» серіктестігінде салынып жатқан тауарлы-сүт фермасында болды. 2024 жылы іске қосылғаннан кейін агроқұрылым басшылығы 6 мың тоннаға жуық өнім алуды жоспарлап отыр. «JALAYR agrofoods» та осындай мақсатта. Аталған серіктестіктің Ақбұлақ ауылындағы фермасы 1300 басқа шақталған. Ол бір айдан кейін іске қосылады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 20 ноября поручаю приехать и полностью все принять, почему, потому что объем работы большой.

Ақбұлақ пен Кішкенекөлде аймақ басшысы жергілікті халыпен және диқандармен кездесті. Жүздесуде өзге ауылдардың да проблемалары көтерілді. Қызылту тұрғындары мектептің жөнделгенін қалайды.

НӘЗІР ЖӘШІБЕКОВ, СҚО білім басқармасының басшысы:

– Ауданда шағын жинақты мектептер көп. Стандартқа сай емес. Бірақ, біз оларды сол күйінде ұстап тұрмыз. Жабу жайлы мәселе көтерілген жоқ. Жөндеуге келсек, біз есептеу жүргізейік. Ойланып, шешім қабылдаймыз.

Ал Ақбұлақ ауылының тұрғындары жолдың нашарлығына шағымдануда.

ЛАРИСА ВИННИЧЕНКО, Ақбұлақ ауылының тұрғыны, Уәлиханов ауданы:

– Мы просим вашего содействия и поддержки в выделении финансирования на внутрипоселковые дороги. На сегодня этот вопрос назрел.

МАҚСАТ БАЯХМЕТ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– Биыл аудандағы 4 елді мекенде ауылішілік көшелер жөнделіп жатыр. Келесі жылы жұмысты жалғастырамыз. Бюджетті бекіту кезінде Ақбұлақ ауылына қатысты жобаны енгізуге болады.

Ғауез Нұрмұхамбетов ауыл тұрғынына мәселе жерде қалмайтынын айтты. Ақбұлақ ауылында облыс әкімі Чехов атындағы орта мектепте де болды. Мұнда 70 оқушы білім алады. 2014 жылы нысан күрделі жөндеуден өткен. Бұдан кейін аудан әкімі Қайрат Пішенбаев тұрғындарды сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылған істі және ауылдардағы ахуалды баяндады.

АРЫСТАН ӘБІЛДИНОВ, Ақжар аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

– Қазандық 2021 жылы пайдалануға берілді, мердігер – «ТСК Титан» серіктестігі. Қазандықтың жобалық қуаты 10,5 гигакалорияны құрайды. Қазіргі уақытта 14 нысан мен 16 көпқабатты тұрғын үй қосылған.

Облыс әкімі ауыл тұрғындарымен кездесті. Атақты парабиатлоншының әкесі Александр Герлиц жергілікті жолдарды жөндеуді сұрады.

АЛЕКСАНДР ГЕРЛИЦ, Горьковский ауылының тұрғыны, Ақжар ауданы:

– Жол Восход ауылына дейін жөнделді. Өкінішке қарай, Баймырза мен Горьковский назарсыз қалды. Өз ауылымыздан Восходқа дейін 30 шақырым. Осы аралықты 1 сағатта еңсереміз.

Бейінді басқарма басшысы бұл елді мекендерге апаратын жол келесі жылдан жөнделетінін айтты. Талшық ауылындағы «Batyr» жабық хоккей корты алыстан көз тартады. Жаңа нысанның ішінде футбол немесе хоккей ойнағаннан кейін душ қабылдауға болатын және киім ауыстыратын бөлмелер бар.

– Сейчас на площадке находятся и хоккеисты и футболисты.
– В круглогодичном режиме должен работать.

Аймақ басшысы жылу желілерінің құрылыс барысын да тексерді.

ҚАДЫР СЕГІЗБАЕВ, мердігер серіктестіктің басшысы:

– Бүгінгі таңда үлкен құбыр толығымен тартылды. Бұл барлық жұмыс көлемінің шамамен 70 пайызын құрайды. Жүктелген істі 20-шы қарашаға дейін толық аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Ғауез Нұрмұхамбетов Ақжар ауданының агросектор өкілдерімен кездесті. Олардың “Азық-түлік корпорациясы” алдында бірқатар міндеттемелері бар. Шаруалар болашақ астық есебінен егіс алдында ұйымнан қаржы алған екен. Қайтарылуы керек ақша – 370 млн теңге. Алайда, бұл Уәлиханов пен Ақжар ауданы диқандарына қиынға соғуы мүмкін.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Сейчас только дают качество зерна, по которому будет возврат, поэтому, я думаю, что на следующей неделе мы сформируем точный пул, кто пойдет на пролонгацию.

Сапар соңында облыс әкімі 3 мыңға жуық ірі қара бағылатын Дәуіт ауылындағы «Бекет» шаруа қожалығына соқты. Мұнда 73 адам жұмыс істейді. Жалақы – 210 мың теңге. Қожалық өкілдері гидропоника әдісі арқылы мал азығын өсіреді. Аймақ басшысы «Нұр КААД Агро» серіктестігінің диірменінде де болды. Кешен тәулігіне 45 тоннаға дейін өнім шығарады.

 

Байболат Култанов