Спорт

Шаһарда еркін күрестен “Жас палуан” турнирі өтіп жатыр

Жас палуандардың бағы жанар бастама. Өңірде тұңғыш рет еркін күрестен “Жас палуан” турнирінің аймақтық жарысы өтуде. Бүгін облыс орталығында Ақмола, Қостанай, СҚО мен Астана қаласының саңлақтары боз кілемде белдесті.

Жарыстың шымылдығын ашып, сайыстың шырайын кіргізген 38 келі салмақ дәржесіндегі палуандар. “А” кілемінде қос теріскейлік сынға түсуде. Қызыл киімдегі – Тамерлан Некібаев, ал көктегі – Мади Ғазизов есімді жас. Жерлестеріміз біраз тартысты. Кездесуде қарсыластан айласын Тамерлан асырып кетті. Ол айқын басымдықпен, яғни 12:2 есебімен жеңіске жетті.

ТАМЕРЛАН НЕКІБАЕВ, турнирге қатысушы, СҚО:

– Қазір жасым 12-де. Күреспен 6 жастан бері айналысамын. Бұл спортқа әкем әкелді. Өзім үшін жарыс сәтті басталды. Қарсыласты осал деуге келмейді. Біраз қарсылық танытты.

Бұл уақытта көрші кілемде Нұртас пен Қасымхан есімді жастар күш сынасып жатты. Соңғысы – Ақмола облысының палуаны. Кездесу небәрі 20 секундқа созылды. Степногорск қаласынан келген жас солтүстікқазақстандықтың аяғын қайшылап, шыр айналдырды. Нәтижесінде 10:0 есебімен жеңді.

ҚАСЫМХАН ДУАТОВ, турнирге қатысушы, Ақмола облысы:

– Жарыс жоғары деңгейде өтіп жатыр. Финалға шығамын деген үміттемін. Жарысқа қатысып жатқан барлық спортшыларға сәттілік тілеймін.
48 Өзім 6 жыл ішінде көптеген жарыстарға қатыстым. Республикалық турнирлерде жеңімпаз атанып жүрген спортшымын.

Теріскейде тұңғыш рет өтіп жатқан жарыста 100-ден астам палуан сынға түсуде. Ескеру қажет, сайыста бұрымдылар да белдеседі. Мықтылар 10 салмақ дәрежесі бойынша анықталады. Айта кетейік, бұл – “Жас палуан” сайысының аймақтық іріктеу жарысы.

ОРЫНБЕК БАЛАҒАНОВ, жарыстың бас төрешісі:

– Қалған іріктеулер Талдықорған, Тараз қалаларында болды. Жақында Павлодар қаласында болады. Бүгін міне СҚО-да өтіп жатыр. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақтық сынға Астанаға барады.

Облыс орталығындағы жарыс мықтылары ертең анықталады. Ал бас қаладағы жарыс қарашаның 10-12-сі аралығында өтеді.

 

Алдияр Айтпаев