Қазақстанда атом электр станциясын салу қажет пе, жоқ па? Бұл сұрақ бірнеше жылдан бері күн тәртібінен түспей келеді. Қоғам екіұшты пікірде. Бір тарап станцияның құрылысын қолдаса, екінші жақ қарсылық танытуда. Келісіп пішкен тон келте болмасы анық. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің соңғы Жолдауында мәселені жан-жақты қарауға шақырды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдауларды, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылауларды жалғастыруымыз керек. Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем.
Қазір елімізде жария талқылаулар өтуде. Мұндай басқосу Петропавлда да ұйымдастырылды. Жиынға саланың басы-қасында жүрген мамандар қатысып, аса маңызды экономикалық және саяси мәселе бойынша ой білдірді. Жерлестеріміз де сөз алды.
ЖАРАСБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ, СҚО Құрметті азаматы:
– Президент атап өткендей, мәселен халықпен ақылдаса отыра шешу керек. Бұл – күрделі мәселе. Біз атом электр станциясын салу және оның қуатын пайдалану керекпіз. Өйткені, бізде өзге қуат көздері жылдан-жылға азайып келе жатыр.
Біреу білсе, біреу білмес, бұған дейін Қазақстанда ядролық реактор болған. Ол Ақтауда 26 жыл жұмыс істеген. Тиісінше, елімізде арнайы ғылыми орталықтар бар. Ал станцияға аса қажет табиғи уран өндірісі бойынша республика күллі әлемде алдыңғы орында тұр. Павел Афанасьевтің сөзінше, бұл байлықты пайдаланбаса болмайды.
ПАВЕЛ АФАНАСЬЕВ, Петропавл қаласының Құрметті азаматы:
– Энергетикалық қауіпсіздік – бұл ұлттық қауіпсіздіктің негізгі бөлігі. Біз әлі сырттан келетін энергияға тәуелдіміз. Тәуелділіктің салдарынан кейбір өндірісті биік шыңға шығара алмай отырған жайымыз бар. Алысқа бармай-ақ, өзіміздің жылу орталығын мысал ретінде алайық. Бір мұржасы құлағаннан кейін 20 пайыздан астам электр энергияны Ресейден импорттадық. Қазіргі таңда ядролық емес, қоршаған ортаға тасталып жатқан қалдықтардан келер қауіптен сақтану керек.
Жария талқылаулар жер-жерде ұйымдастырылады. Осыдан кейін жалпыұлттық референдум өтпек. Әзірге, отандастарымыз таңдау жасайтын күн белгісіз.
Байболат Култанов