ТЖ

Құтқарушылар қатары толықты

Құтқарушылар қатары толықты. Өрт сөндіру қызметіне 30 маман келді. Бүгін жұмысқа жаңадан келген жандар ант қабылдады.

Жауапкершілік жүгі ауыр қызметке келгендердің бірі – Данил Яровой. Тепсе темір үзер азамат Боркидегі колледжді тәмамдаған. Маман қаладағы №3 өрт сөндіру бөлімінде ел игілігі үшін тер төгуді бастап та кетіпті.

ДАНИЛ ЯРОВОЙ, қалалық №3 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушысы:

– Бала кезімнен осы мамандыққа құштармын. Бұл жұмыстың қиындығы мен жауапкершілігі көп. Шақыртулар бір-біріне ұқсамайды. Әртүрлі жағдайлармен бетпе-бет келесің. Еңбегіміз елдің алғысымен еленіп жатады. Бұл қуантады, алға жетелейді.

Ант берген азаматтардың арасында Жанна Бикенова есімді нәзікжанды да бар. Оның жұмысы тіптен жауапты. Ол отқа оттай атылмайды, бірақ, жерлестерімізден келіп түскен қоңырауларға жедел жауап беріп, жұмысты ұйымдастыруы қажет. Бұл қызметке дейін қала тұрғыны мемлекеттік қызметте еңбек етіпті.

ЖАННА БИКЕНОВА, қалалық №3 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері:

– Елге пайдамды тигізгім келді. Сол себепті, осы мамандықты таңдадым. Өрт сөндіру бөлімдеріндегі бос орындарға байқау жарияланғанын біліп, өз бағымды сынауға бел будым. Екі апталық оқытудан Көкшетау қаласында өттім. Кейін норматив тапсырдым. Қазір №3 өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істеуді бастап кеттім.

Мамандардың қатары көбеймесе азаяр емес. Бірақ, сонда да өрт сөндіру қызметінде кадр тапшылығы бар. Арнайы көлікті тізгіндейтін 25 жүргізуші мен басқа да жұмыстарды атқаратын 10 қызметкер керек. Сол себепті, алдағы уақытта да конкурс қайта жарияланбақ. Айта кетейік, салтанатты шара Құтқарушылар күні қарсаңында өткізіліп отыр. Өрт сөндірушілердің мерекесі қазанның 19-шы жұлдызында аталып өтіледі.

 

Алдияр Айтпаев