Білім

Президент Жолдауы талқыланды

Петропавлдағы Жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде Президент Жолдауы талқыланды. Құрметті қонақ – қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин. Қырық жылдан астам ұстаздық қызмет атқарған ел ағасы жастарға саяси маңызды құжаттағы басымдықтарды баян етті. Жолдауда маман тапшылығын жою жайлы айтылған. Мемлекет басшысының пікірінше, мәселені біржақты ету үшін білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ұлттық экономиканың бірқатар саласында кадр тапшылығы қатты сезілуде. Әсіресе, техникалық және жұмысшы мамандар жетіспейді. Сондықтан, осы салаларға қатысты білім берумен мықтап айналысқан жөн. Оқу орындары түлектерге жұмыс бере алатын мекемелермен ұзақ мерзімге арналған әріптестік орнатуы қажет.

Бұл бағытта Жоғары құрылыс-экономикалық колледжі бұрыннан жұмыс жүргізіп жатыр. Сенімді серіктестер бар. Арадағы әріптестіктің арқасында түлектердің жұмыспен қамтылу көрсеткіші де аса жоғары.

ЕКАТЕРИНА КАЛГАНОВА, Жоғары құрылыс–экономикалық колледжі директорының орынбасары:

– Біз қаладағы бірнеше кәсіпорынмен әріптеспіз. Олар: “Основание” серіктестігі, Солтүстік Қазақстан облысының құрылыс, сонымен қатар, рестораторлар мен отельерлер қауымдастығы. Ауылды жерде де әріптестік орнатқан ұйымдар бар. Серіктестерімізде студенттер өндірістік тәжірибеден өтеді. Артынша жұмысқа тұрады. Қазіргі таңда түлектердің еңбекпен қамтылу көрсеткіші 90 пайыздың үстінде.

Қоса кетейік, қазіргі таңда Жоғары құрылыс-экономикалық колледжі 9 мамандық және 13 біліктілік бойынша маман дайындайды. Ал білім алушылардың саны 1200-ден асып жығылады.

 

Байболат Култанов