Өңірге жұмыс сапарымен Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев келді. Ол қарамағындағы бір топ адаммен өңір аумағындағы бірнеше нысанға бас сұқты.
Қуаныш Елікбаев қаламыздағы “Семейный” сауда үйінде де болды. Мұнда тауарлармен танысты, бағаны білді, өндірушіні сұрады. Бекерден-бекер емес. Қазір Үкімет импорттың сапасы мен үлесін азайту бағытына басымдық беріп отыр.
ЕЛЕНА МАТВЕЕНКО, “Семейный” сауда желілерінің коммерциялық директоры:
– Біз отандық тауарларға басымдық береміз. Одан қалды, өз өндірісіміз бар. Мысалы, қазір сөредегінің бірсыпырасы өзіміздің асханада, кәсіпорындарда жасалған. Импорт жоқ деп айта алмаймын. Ірімшік, макарон мен жарманың кейбірі Белорусь пен Ресейден жеткізіледі.
Сауда үйінде импорттың аз үлесін одан әрі төмендеткен маңызды. Тауарлармен мұқият танысқан комитет төрағасы осындай пікір білдірді.
Қазір сырттан жеткізілген өнімнің сапасы – басты мәселе. Мемлекет шамадан тыс ақшаның да шекара аспауын назарға алған.
ҚУАНЫШ ЕЛІКБАЕВ, ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы:
– Бізге әлі де өзге елдерден шұжық көп келеді. Осы орайда қарапайым мысал ұсынайын. Бір сөреде бірдей қазақстандық және сырттан әкелінген шұжық тұр. Біздікінің құны 2500 теңге болса, импорт өнім 1000 теңгеге бағаланған. Әжептәуір айырмашылық бар. Мұндай сәтте клиенттің біразы арзанға ұмтылады. Ал сапа назарсыз қалады.
Мұнымен қалай күресеміз? Мәселе “Атамекен” кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалында өткен жиында талқыланды. Проблемаға мықтап назар аудармаса болмайды. Кездесуде бірнеше факт жария етілді. Бұған дейін еліміздің жауапты органдары Ресейден жеткізілген құс етінен сальмонелла анықтапты. Жұқпалы ішек ауруы тағы бір тіркелсе, импортқа шектеу қойылмақ. Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов ой білдірді.
РҮСТЕМ ҚҰРМАНОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– Жергілікті кәсіпкерлердің өндіріс орнын бәрі біледі. Мемлекеттік органдар кез келген сәтте тексеру мүмкіндігіне ие. Ал импорттаушыны тексере алмаймыз. Сол себепті, ол жалған дерек ұсынып, өнімін сатуы мүмкін. Мұндай сәтте бақылауды күшейтіміз керек. Біз бұған күш салсақ, тәжірбиеміз ел көлемінде қолданылуы әбден мүмкін.
Бақылау шарасы дегенде алдымен ойға шекара келеді. Өткізу пункттерінің мүмкіндігін арттырған жөн. Тағы тексеруші органдар жауапкершілікті сезінгені абзал. Жиында осы жайлы айттылды. Сонымен қатар, Қуаныш Елікбаев тұрғындарды импорт өнімдерді аларда асықпай танысуға шақырды.
Байболат Култанов