Петропавлдағы аутизм орталығында ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің мұғалімдері мен мамандары үшін шеберлік сағаты өтті. Тренингті облыстық білім басқармасының бастамасымен «ДАРА» қорының сарапшысы, білікті маман-тифлопедагог Сәуле Сағымбаева жүргізді. Шеберлік сағаты барысында көру қабілеті бұзылған балаларды оқытудың заманауи тифлотехникалық құралдары, балаларды отбасында тәрбиелеу, ата-аналардың баламен жұмыс істеуі туралы дәріс оқылды. Кейін қор өкілдері Тайынша ауданында тұратын 1-сынып оқушысы Мадиярмен кездесті. Көру қабілетінен айырылған бала анасының айтатын ертегісін тыңдағанды жақсы көреді. Өзі оқу-жазуды үйренгісі келгенімен, мектебінде онымен жұмыс істей алатын маман жоқ көрінеді. Осы орайда Сәуле Сағымбаева Мадиярға зағип жандарға жазуға мүмкіндік беретін арнайы құралдар әкеліп, ата-анасына қалай жұмыс істеу керектігін түсіндірді.