Ауыл шаруашылығы

Астанадағы жәрмеңкеге солтүстікқазақстандықтар 730 тонна өнім жеткізді

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:

– Елорда төрінде – ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі. Аққайыңдық еңбекқор жандар астаналықтардың алдына 100 түрлі өнім қойып отыр. Жерлестеріміз жеткізген тауар көлемі 730 тоннадан асып жығылады. Ауқымды сауда Тәуелсіздік даңғылы, 50 мекенжайы бойынша орналасқан Өнер университетінің алаңында өтуде.

Жоспарланған жәрмеңке 9-да емес, одан ерте басталды. Солтүстікқазақстандықтар өнімдерін сөрелерге шығарғаны сол еді елордалықтар пышақ үстінен бөлісті. Белгіленген уақытта аумақта ине шаншар жер қалмады. Теріскейден келген 100-ден астам жерлесіміздің саудасы бір уақытта қызды.

Жәрмеңкеге көл-көсір көкөніс жеткізілген. Қаз-қатар тізілген мына жүк көліктеріне картоп, пияз, қырыққабат, сәбіз тиелген. Барлығы – 495 тонна. Бұл өнімдердің бағасы астаналықтар үшін қолжетімді болды. Сол себепті, азықты ағайын келілеп қана емес, қаппен де сатып алып жатты. Мамлюттіктердің машинасындағы мол өнім бірер сағатта орталап қалды.

МҰРАТ ҚАРАБАЛАЕВ, Пригород ауылдық округінің әкімі, Мамлют ауданы:

– Қырыққабат – 120, сәбіздің бағасы – 110 теңге. Картоптың бағасы – 100 теңге. Ал қызылша 110 теңгеден саудалануда. Жалпы өнімнің көлемі 10 тоннадан асады. Картоп бізде “Тұмар” шаруа қожалығынан, қалғаны – Белоедағы Сергей Бычковтың өнімі.

Аққайыңдар өлкесіндегі алқаптардан жиналған бал да бас қаланың тұрғындары арасында сұранысқа ие. Олар үшін өңірден өнімнің 10,5 тоннасы жеткізіліп отыр. Бір келісі үшін белгіленген баға – 2 мың теңге. Астанаға өз өнімін арнайы әкелгендердің бірі – Дмитрий Степура. Теріскейдің тәжірибелі омарташысы жарты тоннаға жуық балғын бал әкелген.

ДМИТРИЙ СТЕПУРА, омарташы:

– Отбасылық омартамыздан 100 жылдан астам уақыт бойы бал жиналып келеді. Сауда сәтті өтіп жатыр. Өңір балы қашан да, қай жерде болмасын сұранысқа ие. Биыл араларымыз Аққайың мен М.Жұмабаев аудандары аралығындағы алқаптарда болды. Тәтті беде балының бағасы сәл қымбатырақ. Себебі, оның берер пайдасы мол.

Жәрмеңкеде балғын ет те молынан сатылды. Барлығы – 100 тонна өнім. Сиыр мен қой етінің келісі – 2200, жылқы 2500-нан саудаланды. Қазы мен жая сынды мүшелерге деген баға 3 мың теңге деп бекітілді. Базарда балық пен қаз, үйрек еті де болды. Ауқымды саудаға “Солтүстік бройлер” құс фабрикасы да өз өнімін жеткізіпті. 6,5 тонна құс еті мүшесіне қарай түрлі бағамен сатылып жатыр.

ТАЛҒАТ МАҚТАЕВ, “Солтүстік бройлер” ЖШС директоры:

– Мұнда белгіленген баға нарықтағыдан 15-20%-ға төмен. Сауда қызып жатыр. Клиенттер көп. Біз еттің 17 түрін әкелдік. Орташа баға 950 мен 1200 теңгенің аралығында. Жалпы, биыл фабрикада 908 тонна ет өндірдік.

Жәрмеңкеде фабрика мен өндіріс орындарының өнімдерінен бөлек, ауылдың иісі аңқыған табиғи таза тауарлар да болды. Мәселен, үйдің ірімшігі мұнда 950, ал қаймағы 1850 теңгеден сатылды. Сары майды ағайын 4 мың теңгеге таласа алып жатты. Көпшіліктің сұранысына Булаев майы да ие болды. Аталған өнім сатылған дүңгіршек маңында ұзын-сонар кезек қалыптасты. Тауардың бір данасы 850 теңгеден берілді. Жалпы, дәстүрге айналған шараға солтүстікқазақстандықтар жыл өткен сайын азық-түлікті молынан жеткізуде. Бұған себеп – облыстағы жаңа өндіріс орындары мен шаруа қожалықтарының көптеп ашылуы.

ТАЛҒАТ НАУРЫЗБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– 70 тонна ұн әкелдік. Макарон өнімдерін жеткізіп отырмыз. Бал мен балық та сатылуда. Нарықтағы бағадан бұл өнімдер 15-20%-ға арзан. Сүт өнімдерін “Зенченко и К” мен “Масло-Дел” серіктестігі әкелді. Шұжықтарды “Казмясопродукт” жеткізді. Бағаны жөн-жосықсыз көтеру жағдайларын болдырмау мақсатында басқарма мамандары сауда-саттықты бақылап жүр.

Қалта қақпайтын, өнім сапасы өкіндірмейтін жәрмеңкеге ағайын дән риза болды. Сауда жасауға келген жандардың әрқайсысы өзіне керекті өнімді мол көлемде, арзан бағамен сатып алды.

– Бұл жәрмеңкеге жылда келемін. Солтүстіктің сары майы мен ұнын аламын. Ұн мен макарон өнімдерін таппай жүрмін.
– Ел пен ұн алдық. Бір қаз алдық. Сауда жақсы жүріп жатыр. Бағалары жақсы. Базардағымен бірдей.
– Астанаға көшіп келгеніме 2 ай болды. Өзім Петропавлданмын. Жәрмеңкенің боларын естіп, таң атпастан осында келдім. Жұмыртқа алдым. Мұнда бір ондығы 420 теңге, ал Астанадағы дүкендерде 600 теңгеден. Үйдің қаймағы мен ірімшігін алдым.

Жалпы, бас қала төріндегі жәрмеңке екі күнге созылды. Аққайыңдар өлкесінен ат терлетіп жеткізілген өнімнің барлығы дерлік сатылып кетті. Айта кетейік, ауқымды шараға облысымыздың 13 ауданы да қатысты. Сондай-ақ, шығысқазақстандық еңбекқор заматтар да елордалықтарға өз тауарларын ұсынды. Олар Астанаға 244,5 млн теңге сомасында 123,2 тонна өнім жеткізген екен.

 

Алдияр Айтпаев