Балалар

Петропавлда “Менің әжем керемет” сайысы өтті

Бүгін қалалық №42 орта мектептегі балалардың көңілдері ерекше көтеріңкі. Мына отырған 2-4 сынып оқушыларының кейбірі ақ жаулықты әжелерімен келген. Себебі, мектеп қабырғасында “Менің әжем керемет” сайысы өтпек. Күлжан Қанафина 2-сыныпта оқитын немері Аяжанмен бірге келіп отыр.

КҮЛЖАН ҚАНАФИНА:

– Бүгін немеремнің қатысайын деп отырған байқауына келіп, қуанып отырмын. Бұдан былай да осындай іс-шаралар өте берсін дегім келеді. Бұл байқауға аяқ астынан дайындалып, барымызды салайық деп келдік.

Бұл сайысқа 20 шақты ұл-қыз қатысуда. Ақ бантик тағып, галстук тағынған балғындардың бірі би билесе, бірі ән айтпақ. Элеонора Сюткина 4-сыныпта оқиды. Бүгінгі байқауда “Ана” атты ән шырқайды.

ЭЛЕОНОРА СЮТКИНА, оқушы:

– Мен бүгінгі конкурсқа ән дайындадым. Бұл сайысқа 1 күн бойы дайындалдым. Маған дайындалуға әжем көмектесті. Мен бұл сайысқа жыл сайын қатысамын.

Бұл бүлдіршіннің әжесі Дариқа Амрина балаларға деген ізгі тілегін білдіріп, шашу шашты.

ДАРИҚА АМРИНА:

– Бұл конкурсқа немеремізбен 2-3 күн дайындалық. Өзіммен бірге бауырсақ пісіріп, шашу ала келдім. Өлеңім бар айтатын.

Жалпы, “Менің әжем керемет” сайысы 5 кезеңнен тұрады. Алғашқысы өздерін таныстырудан басталады. Кейін сұрақ-жауап, мақал-мәтел айту, өз өнерлерін көрсету және дайындап келген тағамдарды ұсыну. Бұл іс-шараның ұйымдастырушылары – жастар ресурстық орталығы.

ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

– Бұл шара қарттарды қолдау айлығы мен Республика күніне орайластырылған. Жалпы акция ретінде қазанның 25-іне дейін жалғасады.
Шараның мақсаты – отбасы мен мектеп арасындағы байланысты нығайту. Жас буынға отбасылық құндылықтың мәнісін жеткізіп, мейірімділікке баулу.

Бүгінгі сайысқа қатысып жатқан балғындарға арнайы сыйлықтар да бар. Әрқайсысына белсенді қатысқандары үшін мадақтама беріледі.