Кезек мемлекеттік қуыршақ театрына да келді. Облыс орталығында өтіп жатқан республикалық фестиваль аясында бүгін алматылық труппа өнер көрсетті. Н.Погодин атындағы орыс драма театрында көпшілік назарына “Шал мен теңіз” спектаклі қойылды. Туынды америкалық жазушы Эрнест Хемингуэй шығармасы негізінде сахналанды.
ЕРКЕБҰЛАН ҚАБДЫЛ, Мемлекеттік қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі, Алматы қаласы:
– Бұл спектакль бізде былтырдан бері бар. Режиссері – Дина Жұмабай. Былтыр премьерадан кейін Түркияға бардық. Бұл қойылым сол жақтан жүлде алып келді. Қыркүйек айында Рязань қаласындағы үлкен фестивальге қатыстық. Біздің қойылым көрермен көзайымына айналды.
Спектакль Сантьяго есімді шалдың өмірі жайлы. Қарттың қармағына күндердің бір күні үлкен балық ілінеді.
Қармаққа ілінген балықты қайыққа көтеруге шалдың әлі жетпейді. Ал жібере салуға жүрегі дауаламайды. Себебі, бұл – оның өміріндегі ең үлкен олжа. Бір сөзбен айтқанда, Сантьяго “былай тартса арба сынады, былай тартса өгіз өледінің” күйін кешеді.
Шал балық аулауға үйреткен баласын үйде тастап кеткеніне қатты күйінеді. Сөйтіп, қармақтағы олжамен айлап күреседі. Алдынан үлкен акулалар да, дауыл да шығады. Соңында әлгі балықты өзге тіршілік иелері жеп кетеді. Бұл спектакль арқылы өнер иелері арманға жету оңай еместігін көрсеткісі келіпті.
– Бұл спектакльде адамның барлық қиындығы мен күйзелісі көрініс тапты. Өзіме ұнады. Өздеріне жарасымды өзгерістер енгізуге тырысыпты.
– Спектакльдердің барлығы да өте жақсы өтіп жатыр. Ұнап жатыр. Бәрі ойдағыдай. Фестиваль жоғары деңгейде ұйымдастырылған.
– Спектакль керемет өтті. Актерлердің шеберліктері керемет.
Алдияр Айтпаев