Жорға жарыс, аламан бәйге және қыз қуу. Осының барлығы ат жарыс маусымының жабылуына арналған шарада өтті. Спорт сүйер қауым Бескөл ауылындағыы “Құлагер” ипподромына жиналды. Өңіріміздің әр ауданынан тұлпарын тізгіндеп ұл-қыздар келді.
Сенбі күні өткен шара 7 спорт түрі бойынша ұйымдастырылды. Солардың бірі – ұшқыр бәйге. Ортаға желдей жүйрік арғымақтарды тізгіндеген 8 шабандоз шықты. Атбегілер 1600 метрге дейін шапты. Тартысты жарыста бірінші болып Алина Колесникова келді. Нәзікжанды белгіленген қашықтықты 1 минут 48 секундта еңсерді.
АЛИНА КОЛЕСНИКОВА, жарысқа қатысушы, Уәлиханов ауданы:
– Уәлиханов ауданынан 3 адам келдік. Үшеуіміз де жүлделі орын иелендік. Менің ат үстінде отыратыныма 15 жыл болып қалды. Қазір жасым 24-те. Осындай жоғары деңгейдегі жарыстарға үнемі қатысамын. Иеленген орындарым да аз емес.
Келесі сайыс ат үстіндегі күрес ойыны – аударыспақ. Ептілік пен күшті талап ететін сайысқа Шал ақын ауданының тумасы Рамазан Сәлім 3 жылдан бері қатысып келеді екен. Бұл жолғы жабылу маусымынан да қалмай, қызылжарлық қарсыласынан басым түсіп, бірінші орынды иеленді.
РАМАЗАН СӘЛІМ, жарысқа қатысушы, Шал ақын ауданы:
– Шал ақыннан 2 спортшы келдік. Екеуі де сәтті өнер көрсетті. Аударыспақ кәдімгідей спортың бір түрі болып кетті ғой. Жыл сайын жарыстарға қатысып орындар алып тұрамыз.
Шара барысында қатысушыларды жігерлендіру, жиналған қауымға көңіл-күй сыйлау үшін ән де шырқалды.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін шара барысында үздік атанғандар мен жүлдегерлер кубок пен мақтау қағаздарымен марапатталды.