Сенбі күні бәсі биік дода – Азия ойындарында қола медаль тағынған солтүстікқазақстандық Наталья Богданова елге оралды.
Қазақстанның қоржанындағы қола медальдің санын 48-ге жеткізген петропавлдық нәзікжандыны жақындары мен жерлестері салтанатты түрде қарсы алды. Жеңісімен құттықтап, ізгі тілектерін білдіріп жатты. Өзін үлгі тұтатын жас буын спортшылар Наталья Богданованың қолтаңбасын алды.
НАТАЛЬЯ БОГДАНОВА, Азия ойындарының бокстан қола жүлдегері:
– Мен бұл турнирге барлық жағынан 100%-ға дайындалдым. Барлығы – 3 жекпе-жек өткіздім. Алғашқысы – Сауд Арабиясының өкілін мерзімінен бұрын жеңдім. Екінші қарсыласым моңғолиялық болды. Соңғы тайландтық боксшы менен басым түсті. Солай 3-ші орынға тұрақтадым. Әр жекпе-жек уайымға, қобалжуға толы болды.
Байрақты бәсекеде спортшымыздың жүлделі орын орын иеленуіне септігін тигізген бапкері Дастан Қабденов жарыстың тартысты өткенін жеткізді.
ДАСТАН ҚАБДЕНОВ, Наталья Богданованың бапкері:
– Әрине, алтын медаль иеленсек керемет болатын еді. Дегенмен, қазіргі кезде 3-ші орын да біз үшін зор жетістік. 4 жылда бір-ақ рет болатын сайысқа өңіріміздің спортшылары қатысып жатқаны қуантады. Енді алдағы сайыстарда жіберген қателіктерімізді қайталамай, жұмыс істейміз.
Азия ойындарына өңірімізден 7 спортшы аттанған болатын. Қазір соның 3-еуі қоржынымызға 4 медаль салып отыр. Алексей Луценко велоспорттан алтын мен күміс алқа тағынса, Артем Захаров велотректен қола медаль иеленді.
СЕРГЕЙ МЕЛЕХОВ, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
– Наталья – жас спортшы. Бұл сайыс оның спорттық өміріндегі ең ауқымдысы. Бағындыратын белестері мен жетістіктері әлі алда. Ол басында жеңіл атлетикамен айналысқан. Кейін боксқа көшті. Бапкері Дастан Қабденов екеуі Солтүстік Қазақстанның тарихында болмаған нәтижені көрсетті.
Наталья Богданова желтоқсан айында өтетін кезекті іріктеу турниріне қатыспақ.