Балалар

Ұстаздық еткен жалықпас

Ұстаз – ұлағатты есім. Жүгін арқалған әр маман бұл сөздің қадіріне жететіні шүбәсіз. Мұғалімдердің кәсіби мерекесіне орай осы салада жас буынның жолына шамшырақ болып жүрген ұстазбен кездестік. Әсемгүл Қамзина – Петропавлдағы психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің дефектолог мұғалімі. Ұстаздықтың қиын жолын таңдап, жұмыс істеп келе жатқаныа 9 жыл болыпты.

ӘСЕМГҮЛ ҚАМЗИНА, педагог-дефектолог:

– Мен Солтүстік Қазақстан университетін дефектология мамандығы бойынша тәмамдадым. Содан кейін бірнеше жыл жұмыс істедім. 2 жыл бұрын сол университетке магистратураға түсіп, өткен жылы дипломымды алдым. Қазір ол арнайы педагогика деп аталады. Қазір мамандығым бойынша түзету кабинетінде жұмыс істеп жатырмын.

Әсемгүл Қамзина балалармен тілдескенді, олармен жұмыс істегенді жақсы көреді.

ӘСЕМГҮЛ ҚАМЗИНА, педагог-дефектолог:

– Таңдаған мамандығым өзіме ұнайды. Саналы түрде осы шешімді қабылдаған болатынмын. Жоғары оқу орнына колледжден кейін түстім. Балалармен жұмыс істеген ұнайды. Бұл жерге зердесі бұзылған, дамуында тежелуі бар, көру, есту қабілеті зақымданған балалар келеді.

Оңалту мекемесінде 9 білікті маман жұмыс істейді. Олар: дефектолог, педагог-психолог, логопед, әлеуметтік педагог және емдік дене шынықтыру мұғалімі. Жұмыс орнындағы бөлмелердің барлығы арнайы құралдармен жабдықталған.

ӘСЕМГҮЛ ҚАМЗИНА, педагог-дефектолог:

– Негізі, балалармен 3 ай бойы жұмыс істейміз. Барлығы балалардың жеке ерекшеліктеріне байланысты. Кейбіріне осы уақыт жеткілікті болса, кей балаларға бірнеше рет келулеріне тура келеді. Ол ата-аналардың сұрауына байланысты болуы мүмкін. Кейбір балаларға 1 цикл жеткілікті, кейбірі бірнеше циклге келеді.

Қазір психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде көмекке мұқтаж 70-тен аса бала емдік шараларын қабылдауда.