Қоғам

Кәсіподақтар аллеясына шыршалар отырғызылды

10 қазан – Қазақстанның кәсіподақтары күні. Алдағы атаулы датаға орай түрлі ұйым өкілдері игі дәстүрден жаңылмай кәсіподақ аллеясында бас қосты. Жыл сайын бұл саябаққа жиналған ағайын шырша егеді. Бүгін шараға ардагерлермен иық тірестіріп жастар да қатысуда. Кәмила Нұрғалиева – Қозыбаев университетіндегі студенттер кәсіподағының төрайымы. Бойжеткеннің айтуынша қазір ұйымда 80 бенсенді бар.

КӘМИЛА НҰРҒАЛИЕВА, Қозыбаев университеті студенттер кәсіподағының төрағасы:

– Кәсіподақ үйіндегі аға буын өкілдері шақырғаннан кейін шараға қуана қатысып отырмыз. Бұл – табиғатты аялап, көркейтуге бағытталған акция. Жалпы, кәсіподақтардың адам өміріндегі орны ерекше. Бұл ұйым азаматтардың құқықтарын қорғауға ат салысады. Біздің кәсіподаққа келер болсақ, студенттердің бос уақыттарының тиімді өтуін, құқықтарының сақталуын қамтамасыз етеміз.

Дәстүрлі шараға Күлзипа Сандыбаева да қатысуды жөн көріпті. Нәзікжанды облыстық көпбейінді аурухананасы онкологиялық орталығының дәрігер-эксперті болып қызмет атқарады және сондағы “Сенім” кәсіподағына мүшелік етеді.

КҮЛЗИПА САНДЫБАЕВА, облыстық көпбейінді ауруханасы онкологиялық орталығының дәрігер-эксперті:

– Кәсіподақтардың мерейі арта берсін. Ұйымдарымыздың жұмысы алға басып, халыққа қызмет ете берсін. Өзім бұл шараға тұрақты түрде қатысамын. Табиғатты аялау мен оны көгалдандыру – әрқайсысымыздың міндетіміз.

Жалпы, өңір кәсіподақтары мүшелері бұл акцияны 2019-шы жылдан бастап өткізіп жатыр. Қазіргі таңда аллеяда 100-ден астам сібір шыршасы бар. Бүгін тағы 7-еуі отырғызылды.

 

Алдияр Айтпаев