Денсаулық сақтауБалалар

“Балдәурен” балабақшасындағы медбикеден туберкулез анықталды

Ашуға булыққан ата-аналар балалары үшін алаңдаулы. “Балдәурен” балабақшасындағы жағаұстатарлық жайттың жай-жапсары белгілі болды. Туберкулез медбикенің бойынан анықталды. Мұны мекеме басшылығы қазанның 4-і күні білген. Ал ата-аналарға бұл хабар тек бүгін жетіп отыр.

ӘСЕЛ АБУТАЛИПОВА, қала тұрғыны:

– Кеше WhatsApp-тағы тобымызға қайта жолданған күйінде хабарлама келді. Онда “балабақшада залалсыздандыру жұмыстары жасалды, балаларыңызды алып кетіңіздер” деп жазылған. Кейбір ата-аналар ұл-қыздарын ертерек алып кетті. Бірақ, көбі осында кешке дейін болды. Не себепті залалсыздандыру жұмыстары жүргізілгендігі айтылмады. Бүгін дезинфекциялау орталығына хабарластым. Ондағылар осындай жағдайдың орын алғандығын айтып, залалсыздандыру жайлы тапсырма алғандарын айтты.

Аталған жұмыстар жүргізіліп жатқанда балалар жатын бөлмеде ұйықтап жатқан. Қалған учаскелер толық жуылып-шайылыпты.

– Дети все спят, проводят дезинфекцию. Они этим дышат. Уже есть факты некоторые дети начали кашлять, задыхаться. Глаза красные стали. Кто за это отвественность несет?

Ата-аналардың бұл сұрағына дезинфекциялау орталығының маманы жауап берді. Қолданылған препараттардың қаупі төмен. “Оның үстінде балалар жатын бөлмеде болды”,- дейді орталық басшысының орынбасары Жұлдызбек Жамантаев. Жалпы, бойынан құрт ауруы анықталған ақхалатты мекемеде 2022-ші жылдың желтоқсан айынан қызмет атқарып жүрген. 13-ші қыркүйек күні өзін жайсыз сезінген азаматшаға дәрігерлер пневманияға шалдыққан деп топшылаған.

МӘДИНА ДАРБАЕВА, “Балдәурен” балабақшасының директоры:

– Терапевтің нұсқауы бойынша нәзікжанды 5 күн бойы үйінде ем алды. 15 күннен кейін рентгеннен қайта өтті. Ол дұрыс болмай шықты. Нәзікжанды анализдер тапсырды. Осылайша қазанның 4-і күні 4-ке таман бізге қызметкеріміздің бойында туберкулез анықталды деген хабар келді. Ол жұмыстан 2-сі күні шеттетілді.

Төбе шаштары тік тұрған ата-аналардың қорқынышы анықталған аурудың ашық түрі екендігін естігенде үдей түсті. Жұғудың алдын алу мақсатында балаларға дүйсенбіден бастап екпе қойылмақ. Мекеме карантинге жабылмайды.

– Мысалы, мен екпеге қарсымын. – Науқаспен қатынас болғаннан кейін екпе міндетті түрде қойылу керек.

Қазір балабақшада 340-қа тарта бала тәлім алады. Олар күнделікті мекемеге баруларын жалғастыра береді. Бұл жағдайды арнайы комиссия зерттеп, зерделейді. Содан кейін нақты шешімдер шығарылады.

 

Алдияр Айтпаев