Қоғам

Аудан әкімдігіне кандидаттарды ұсыну мерзімі аяқталды

Биыл қарашаның 5-інде облыстағы үш ауданда, яғни Есіл, Мамлют және Тимирязев аудандарында әкім сайлауы өтеді. Осы орайда кеше кандидаттарды ұсыну мерзімі аяқталды. Үш сайлау округі бойынша 12 кандидат ұсынылды, оның ішінде алтауы – саяси партиядан. 12 кандидаттың біреуі – әйел адам. Кандидаттардың орташа жасы – 50 жас, ал ең жасы – 32-де. 10-ы – мемлекеттік қызметші, екеуі – бюджеттік мекемелердің қызметкері. Кандидаттарды тіркеу 10 қазанда аяқталады. Тіркеу қорытындысы сайлау комиссияларының ресми интернет-парақшасында жарияланады. Осы үш аудандағы 113 елді мекенде 36 мыңнан астам сайлаушы бар. Жалпы, тұрғындардың саны 48 403 адам.