Қоғам

Энергетика және ТҮКШ басқармасының экс-басшысы Ілиясов 8 жылға сотталды

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бұрынғы басшысы Бақыт Ілиясов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Естеріңізге сала кетейік, ол «Коммунхоздың» экс-директоры Жандарбек Айтбаевпен бірге 2022 жылдың 31 тамызында қамауға алынған болатын. Сол кезде «Даму 2013» серіктестігінің басшысы Серік Шайымов пен «Астана жол қызмет» серіктестігі директорының орынбасары Үрүстем Махмұтұлы да құрықталды. Төртеуі бюджет қаражатын ұрлаумен айналысқан. Ілиясов қылмыс жасаған кезде қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімін басқарған. Ол мемлекеттік сатып алу туралы заңды бұза отырып, «Коммунхоз» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнымен жолдарды күтіп ұстау және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге келісім-шарттар жасаған. Бұл компания жұмысты өзі жүргізбей, тек қосалқы мердігерлерді жалдаған. Қызмет құнын жоғарылатқан компания өкілдері өз міндеттемелерін толық орындамаған. Бұған Ілиясов көз жұма қарап, пара алған. Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің, сарапшының айғақтарымен, істің жазбаша материалдарымен дәлелденді. Сот «Коммунхоз» директорын 7 жылға, ал «Даму 2013» серіктестігінің басшысы мен «Астана жол қызмет» серіктестігі директорының орынбасарын 7 жарым жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сотқа қатысушылар үкімге шағымданбақ. Әзірге, ол заңды күшіне енген жоқ.

 

Алдияр Айтпаев