Әскери басқару органдарының жұмысы жетілдірілуде. Биыл жергілікті мекемелерде азаматтарға 9 мың 622 қызмет көрсетілген. Оның тек 597-сі ғана қағаз түрінде берілген. Қалғаны “электронды үкімет” порталы арқылы жүзеге асырылыпты. Жалпы, жергілікті орган қазір 9 түрлі қызмет көрсетеді.
“1. Әскерге шақырылушыларға әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу туралы куәліктер және куәліктердің телнұсқаларын беру
2. Запастағы офицерлерге, сержанттарға, сарбаздарға әскери билеттер беру
3. Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке қою және одан шығару.
4. Азаматтарды әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша даярлау
5. Жеңілдігі бар адамдарға: ҰОС-тың, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері мен ЧАЭС-тағы апаттың салдарын жоюға қатысушыларға анықтамалар беру
6. ҰОС ардагерлеріне куәлік беру
7. Әскери қызмет өткеруді растау туралы мәліметтерді беру
8. ҚР-дан тыс жерлерге тұрақты тұру үшін шығатын азаматтарға анықтамалар беру
9. Әскери қызмет туралы ақпаратты жаңарту.
БАУЫРЖАН ЖҮНІСОВ, СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті мемлекеттік қызмет көрсету қызметінің бастығы:
– Жоғарыда аталған қызметтер тегін түрде көрсетіледі. Оларды “электрондық үкімет” порталы арқылы алуға болады. Азаматтардың жеке кабинетінде олардың мәртебесі, әскери есепте тұрған орны, қызмет өткеру кезеңі, мерзімді әскери қызметті кейінге қалдыру және босатылуы “e-Gov” сайтында көрсетілген. Қазіргі таңда 2 қызмет түрі толығымен автоматтандырылған. Бұл азаматтардың әскери қызыметке қатысы және әскери қызметен өткендігі жайлы анықтама қағазын беру.
Бұл анықтама қағаздары азаматтарға әп-сәтте беріледі. Себебі, барлық мәлімет жүйеге енгізіліп қойған. Жалпы, қазір әскери басқару органдарының қызмет көрсету сапасы артып отыр. Саладағы жұмыстарды жетілдіріп, цифрландыру 2017-ші жылы басталды. Нәтижесінде бүгінде белгілі бір қызмет алғысы келген азаматтар мекемелердің табалдырығын тоздырмайды. Ісін үйде ұялы телефон арқылы тындыра береді. Бұл әскерилердің де жұмысын жеңілдетіп отыр. Қағазбастылықтан бөлек мұндай жұмыс істеу жүйесі бармақ бастылық пен көз қыстылыққа жол бермейді.
Алдияр Айтпаев