Құқық қорғау органдары

СҚО-да интернет алаяқтық белең алып тұр

СҚО-да интернет алаяқтыққа қатысты тіркелетін әр үшінші жағдай – банктен қоңырау шалу. Жыл басынан бері осындай қулыққа 200-ге жуық адам сеніп, алданып қалған. Көп жағдайда қулық құрығына түсетіндер – егде жастағы адамдар. Тәртіп сақшыларының айтуынша өңірде қазіргі уақытта интернет алаяқтық белең алып тұр. Өйткені, 9 айдың ішінде тіркелген факті саны 500-ден асып жығылады.

Татьяна Баженова, қала тұрғыны:

– Маған бірнеше рет біреулер қоңырау шалып, әпкеңіздің қарызы бар. Сол себепті, банк тарапынан тыйым салынады деді. Ата-анама да қоңырау шалып осылай деген. Әке-шешем алаяқ екенін сезсе керек, әйтеуір, телефонды қос салған екен.

Қанат Жұмабаев, қалалық ПБ бірінші бөлімінің ЖПҚБ бастығы:

– 1-ші ПБ аумағы бойынша жыл басынан бері интернет-ресурстарды пайдалана отырып 77 алаяқтық тіркелді. Ең жиі кездесетіні – банктің жалған қызметкерлерінің қоңырау шалуы. Естеріңізге сала кетейік, банк мекемелерінің қызметкерлері қоңырау шалмайды және қандай да бір дербес деректерді хабарлауды сұрамайды.

Полиция қызметкерлері өңірде интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында тұрғындар арасында түсіндіру шараларын өткізіп жатыр.