Қаржылық пирамида құрдымға құлатады. Бүгін облыстағы экономикалық тергеп-тексеру департаментінде осы тақырып төңірегінде жиын өтті. Шарада қоғам дертіне айналған алаяқтықтан сақтану жолдары айтылды. Қазір әлеуметтік желіде ұтыс ойындары, жалпақ тілмен айтқанда “гивтар” жарыса өткізілуде. Ертесіне алаяқтардың сан соқтыратын бір айласы екендігі анықталып жатады.
ЖАННА САРЫМСАҚОВА, СҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел қызметкері:
– Егер күмән тудырарлық және мол пайда әкелетін-мыс жобаға қаржы құю ұсынылса абай болу керек. Сондай-ақ, елімізде тіркелмеген ұйым болса, сақ болған жөн. Көбінесе қаржылық пирамида өкілдері қатарға адам тартуға үгіттейді. Түсіндіру жұмыстарын мектеп оқушылары мен студенттер арасында ғана емес, сондай-ақ, ауруханалар мен өндіріс орындарында да өткіземіз.
Жалпы, қаржылық құрдымға түсіретін пирамида құрығына ілініп жатқандар жетерлік. Алаяқтардан қазақстандықтар да, өзге елдің азаматтары да сан соғуда. Жазушы Жан Ақжанов елдегі барлық облысты аралап, аталған мәселемен күрес жолдарын айтуда. Бүгін азамат теріскейде өз тәсілдерімен бөлісті.
ЖАН АҚЖАНОВ, жазушы, қоғам қайраткері:
– Алаяқтарға алданып жатқандардың 70%-ы – әйелдер. Қаржылық пирамидалармен күреске блогерлерді тарту керек. Қазір азаматтардың дені әлеуметтік желіде отырады. Ондағы танымал жандар арқылы үндеу жасау қажет. Олар алаяқтардың парақшаларын жариялайды. Осылайша, қауіптің алдын алуға болады. Ол үшін әкімдіктер қаржы бөлуі керек.
Жыл басынан облыстағы экономикалық тергеп-тексеру департаментіне 70-ке тарта жазбаша өтініш келіп түскен. Олар қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жолданған. 30 өтініш бойынша алаяқтық расталған.
Алдияр Айтпаев