Облыстық әкімдікте аппараттық кеңес өтті. Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Біріншісі – орақ науқанының барысы. Маңызды кезеңге білек сыбана кіріскен диқандарға жаңбыр айтарлықтай қиындық туғызды. Тамызда облыстағы шауын-шашын көрсеткіші 50 мм-ге жетті. Қыркүйекте де дәл осындай мөлшерде жауды. Бұл егіннің сапасына кері әсерін тигізді.
МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
– Бүгінгі таңда дәнді және дәнді бұршақты дақылдардың 93,2% жиналды. Жалпы өнім көлемі – 3,4 млн тонна. Орташа өнімділік гектарына 10,8 центнерді құрады. Майлы дақылдар 209,2 мың гектар алқаптан жиналды. Бұл – жалпы көлемнің 30,5%. Әзірге, 147,7 мың тонна өнім алынды. Шығымдылық гектарына 7,1 центнерді құрап отыр. Лицензиясы бар астық қабылдау кәсіпорындары 780 мың тонна астық қабылдады. Үшінші кластың үлесі – 58%.
Бейінді басқарманың мәліметінше, Қызылжар, Мамлют, Аққайың, Есіл аудандарында өнімділік жоғары. Ал Уәлиханов, Ақжар, Тайынша, Тимирязевте жағдай керісінше мәз емес. Диқандар ылғалдың жоқтығынан теперіш көріп, барға қанағат етуде. Бірақ, бұл аграрийлердің “Азық-түлік корпорациясы” алдындағы міндеттемелеріне еш әсер етпейді. Мемлекеттік компания аграрилерді көктемгі егіс науқаны қарсаңында алдын ала қаржыландырған болатын. Сондай-ақ, таяу арада астықты сатып алу бағасы бекітілуі тиіс.
МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– Серік Жұманғариннің атына, Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Азық-түлік корпорациясына хат жолдадық. Ең алдымен, астық сапасына байланысты оларға ережеге өзгертулер енгізуді тездетулерін сұрадық. Екіншіден, дақылды ауыстырып, қазіргі жағдайға сай әділ баға белгілеулерін сұраймыз. Менің ойымша, осы аптаның соңында немесе келесі аптада жаңа ережелер мен сатып алу бағасы белгіленеді.
Жиында өңір басшысы өңірді тұқыммен қамтамасыз етуге де баса назар аудару қажеттігін айтты.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Келесі жылдың тұқымына деген алдын ала қажеттілік бүгінде 475 мың тоннаны құрайды. Астықтың ылғалдылығын ескере отырып, келер жылы диқандарды тұқыммен қамтамасыз ете алмау қаупі бар ма?
МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– Өңдеу мен өну қабілетін анықтау үшін аудандарға тұқымдарды алдын ала талдауға тапсыру жөнінде ұсыныстар берілді. Сұрыптың жаңару пайызын сақтап қалуымыз керек. Қазір облыс бойынша бұл көрсеткіш – 9,5 пайыз. Бізде 32 тұқым шаруашылығы бар, оның 10-ы элиталық тұқым шаруашылығы. Сонымен қатар, тәжірибе станциясында биылғы көктемде сатылмай қалған тұқым жатыр. Басшылық бұл тұқымды көрші облыстарға сатпау жөнінде нұсқау алды.
Өз сөзінде Марат Тасмағанбетов облыстың барлық ішкі тұқым шаруашылығының әлеуеті іске асырылатындығын айтты. Сондай-ақ, жыл сайын тұқым елден тыс жерлерден жеткізілетіндігін де тілге тиек етті. Жиында Ғауез Нұрмұхамбетов ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына 1 желтоқсанға дейін кәсіпорындардағы ауылшаруашылық техника паркіне талдау жүргізуді, сондай-ақ олардың аумағында заманауи астық сақтау қоймаларының болуын тексеруді тапсырды. Астық қабылдау кәсіпорындары биылғы егіннің сапалы сақталуын қамтамасыз етуі тиіс. Ал аудан әкімдеріне аймақ басшысы тұрғындардың жем-шөп сатып алу барысын қадағалауды тапсырды. Полиция департаменті көліктік бақылау инспекциясымен бірлесе орақ науқаны аяқталғаннан кейін ірі техникалардың қозғалысын қадағалауы керек. Бұл тақырыптан кейін жиынға қатысушылар өңірдегі өрт қауіпсіздігі мәселелерін талқылады.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Соңғы үш жылда өңірде 2180 өрт оқиғасы тіркеліп, 138 адам қаза тапты. Келтірілген жалпы шығын 867 млн теңгені құрады. Ағымдағы жылдың 9 айында 448 оқиға болып, 23 адам қаза тапты, 19 адам жарақат алған. Бұл жайттар біздің жеткіліксіз жұмыс істеп жатқанымызды және профилактикалық жұмыстардың нашар жүргізіліп жатқандығын көрсетеді. Аудан, қала әкімдері әрекетсіз отыр. Ерік Темірханұлы, сізге сұрақ, өрттің алдын алу үшін аудандарда қандай жұмыс жүргізесіздер?
ЕРІК САРЫБАЕВ, СҚО ТЖД бастығы:
– Қазіргі таңда біз барлық әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы қарқынды жұмыс істеудеміз. Әр үйде мектеп, студент жасындағы балалар бар. Бірінші тәрбиені солардан бастау керек деп ойлаймын. Егер ұл-қыздар мектеп қабырғасында алған өрт қауіпсіздігі білімін ата-анасына айтып отырса, үлкендер құлақ асар еді. ЖОО-мен өткізіп жатқан профилактикалық шараларымыз қаншалықты тиімді екеніне зерттеу жүргізудеміз.
Жиында облыс әкімі аудандардағы өрт қауіпсіздігіне қатысты бірнеше мәселені көтерді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Ерікті өрт сөндіру жасақтарының жұмысын күшейту қажет. Қазір Солтүстік Қазақстанда олардың саны -478, бұл топтарда 1568 адам жұмыс істейді. Мұндай құрылымдары жоқ 152 ауыл ерекше алаңдаушылық туғызады. Елді мекендер Тайынша, Айыртау, Қызылжар және Жамбыл аудандарында орналасқан. Облыстағы 4 мың 906 гидранттың 1096-сы жұмыс істемей тұр.
Аталған проблема М.Жұмабаев, Тайынша, Қызылжар және Айыртау аудандарына қатысты. Аудан басшылары елді мекендердегі өрт қауіпсіздігіне баса назар аударулары қажет. Бұл бағытта облыс орталығында да атқарылар шаруа шаш-етектен.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– 7 мамыр күні Береке ықшам ауданындағы өрттің салдарынан 11 тұрғын үй мен техника жанып кетті. Бұл жайтты болдырмауға болар еді. Ықшам ауданда қамыс жыл сайын өртенеді. Шөп шабу жұмыстары уақытылы жүргізілгенде қызыл жалын бас көтермес еді. Осыған байланысты аудан және Петропавл қаласының әкімдері бұл мәселені жеке бақылауға алып, халықпен жұмыс істеп, қураған шөп пен қамыстың дер кезінде шабылуын қамтамасыз етуге міндетті.
Аймақ басшысы жиында облыс орталығындағы көпқабатты биік үйлерді де тілге тиек етті. Бұл нысандарда да қауіпсіздік басты назарға алынуы тиіс.
СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесе отырып көпқабатты үйлерде бірнеше эвакуациялау жаттығуларын өткіздік. Сонымен қатар, біз үнемі тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Тұрғындар балкон арқылы өтетін сатыны жауып тастайды. 18 қабатты үйлерде өрт кезінде эвакуация кезінде пайдаланылатын арнайы баспалдақтар бар. Түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, халықпен тұрақты түрде кездесіп тұрамыз.
Облыс әкімі алдын алу шараларын тек тұрғын үйлерде ғана емес,
мектептер мен балабақшаларда да тұрақты түрде өткізу қажеттігін айтты.
Алдияр Айтпаев