МТРА жаңалықтары

Ғ.Мүсірепов ауданында атпен серуендеу кәсібі ашылды

Новоишимское ауылында тұратын Дәулетовтер жанұясы өткен жылы Астанадан қоныс аударды. Отағасы Әлібек – тақымы тастай көкпаршы. Әйелі Динараның да жылқыға жаны құмар. Бұл қызығушылықты ерлі-зайыптылар биыл кәсіпке айналдырды. Қазір олар аттарды серуендеу үшін жалға береді.

ДИНАРА ДӘУЛЕТОВА, “Дәулетова” ЖК басшысы, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Бизнесті бастар алдында қаржылық қиындықтар болды. Жұмыспен қамту орталығына бардық. “Бизнес Бастау” оқытуынан өттім. Өз жобамды сәтті қорғап, 1 млн 380 мың теңге көлемінде грант алдым. Ол қаржыға екі жылқы алдық.

DUSTER, Ford, Қымбат және Дерзкий. Қазір жанұяның иелігінде осындай есімді аттар бар. Бұл жылқыларды жастар жиі жалға алады екен. Бір сағаттық серуендеу үшін ауыл тұрғындары 4 мың теңге төлейді. Қауіпсіздікті Әлібек Дәулетов еріп жүріп, қамтамасыз етеді.

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:

– Аттың жай жүрісінің өзінде оған мінген адамның денесінде 110 түрлі қозғалыс пайда болады. Яғни, барлық бұлшықет іске қосылады. Жылқының бұлшықеттерінің өзі массаж жасауға қабілетті. Онымен серуендеген адамның көру мен есту қабілеті де жақсарады.

Қазір ауыл ішінде Әлібек пен Динараның кәсібі танылып келеді. Сенбі-жексенбі күндері көпшілік атқа мініп демалу үшін алдын ала жазылады. Жанұяның алға қойған әлі бірталай жоспары бар. Бірақ, оны отбасы жұмбақ күйінде қалдырды.

 

Алдияр Айтпаев