С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың коворкинг орталығында еріктілік қызмет тақырыбында телекөпір өтуде. Өңір волонтерлерімен тікелей байланысқа Қорған қаласындағы әріптестері шығып отыр. Қос тарап тындырылған тірліктерді жіпке тізуде. Биыл өңіріміздің жаны жайсаң жақсылары облыста ауқымды жұмыс атқарған. Қайырымдылық шарасына 30 мыңнан астам адам ат салысқан екен.
ЕЛЕНА СКАКУНОВА, “Birgemiz” еріктілер фронд-офисінің СҚО бойынша үйлестірушісі:
– Жақында “Мектепке жол” акциясы өтті. Бірталай отбасының ұл-қыздары киім-кешекпен және оқуға қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды. Жоспарларымыз ауқымды. Қазан айын қарттарға арнамақпыз. Бір ай бойы түрлі акция өтеді. Содан кейін “Жылы жүрек” шарасы ұйымдастырылады. Онда шай мен тәттілер таратамыз.
Жиынға осы игі істерге ат салысып жүрген жастар да шақырылған. М.Жұмабаев атындағы жоғары колледж студенттері қажет болған жағдайда жерлестерімізге көмек қолын созуға әрдайым дайын. Оқу ұясында еріктілер көп. Солардың бірі – Арина Талғат. Бұрымды волонтерлікпен өзі туған Таразда айналыса бастапты. Істі Петропавлға келген соң да жалғастыруды жөн көріпті.
АРИНА ТАЛҒАТ, ерікті:
– Волонтерлік деген мен үшін – еріктілік қоғам. Өзім бұл іспен айналысып жүргеніме 2 жылдан асты. Қартар үйіне барып қарттарға көмектесеміз. Қаланы көгалдандыру жұмыстарына ат салысамыз. Балалар үйіне барып тұрамыз. Колледжде “Волонтерлер қоғамы” деген ұйым бар.
Колледждегі дәл осы ұйым теріскейде еріктілердің қатарын көбейтуге зор үлес қосқан. Бұл – өңірде волонтерлер қозғалысы негізінде құрылған алғашқы қоғамдардың бірі. Айта кетейік, өңір еріктілері ресейлік әріптестермен әрқашан тәжірибе алмасып отырады. Кеде тіпті теріскейлік еріктілер көршілес елдерге барып, білімдерін толықтырады екен.
Алдияр Айтпаев