Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірге оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов келді

СҚО-ға жұмыс сапарымен ҚР оқу-ағарту вице-министрі келді. Теріскейге табан тіреген Айбат Ілиясов өңір мұғалімдерімен кездесті. Оқушылар сарайында өткен жиында азамат саладағы сан бағытқа тоқталды. Негізгісі – мектептердің әл-ауқаты.

АЙБАТ ІЛИЯСОВ, ҚР оқу-ағарту вице-министрі:

– Арнайы мектеп автобустары автопаркі жаңартылуда. Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдармен 316 бірлік көлік сатып алынды. 20 мыңнан астам баланы жайлы тасымалдау қамтамасыз етіліп отыр. Жыл соңына дейін тағы 80 көлік жеткізу жоспарлануда. Жалпыға бірдей оқыту қоры есебінен жыл сайын аз қамтылған отбасылардан шыққан 460 мыңнан астам бала киім-кешекпен, оқуға қажетті құрал-жабдықтармен қамтылады. Жаңа оқу жылынан 1-4 сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.

Ал баланы білім нәрімен сусындатқан ұстаздардың жалақысы жыл сайын өсуде. Студенттердің шәкіртақысы да ұлғайып отыр. Бірақ, мектепке дейінгі мекеме педагогтерінің еңбекақысы көңіл көншітпейді. Сол себепті болар, бұл салада кадр тапшылығы бар екен. Бұл мәселені Қызылжар ауданындағы “Мирас” балабақшасының меңгерушісі көтерді.

АЙБАТ ІЛИЯСОВ, ҚР оқу-ағарту вице-министрі:

– 2020-шы жылдан бері балабақша педагогтерінің жалақысы жыл сайын өсуде. 1-ші қыркүйектен бастап тәрбиешілердің еңбекақысы 30%-ға өсті. Біліктілікті арттырған кезде де жалақы өседі. Қазір елдегі тәрбиешілердің орташа жалақысы 230 мыңды құрап отыр.

Айбат Ілиясовқа жолданған кезекті сауал ауылдағы мектептердегі интернет жылдамдығына қатысты. Сапалы желі болмаса елді мекендерде ұл-қыздардың білім алуы да қиын екені мәлім. Оқу материалдарының барлығы интернетте мен мұндалап тұр. Одан қала берді бағалау да “Күнделік” бағдарламасында жүргізіледі.

АЙБАТ ІЛИЯСОВ, ҚР оқу-ағарту вице-министрі:

– Қазір оқу-ағарту және цифрлық даму министрліктер жергілікті атқарушы органдармен бірлесе мектептердегі интернет сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жүргізудеміз. Жыл басында жылдам интернеті бар мектептердің үлесі 19% құрады. Ал қазір бұл көрсеткіш 60%-ға жетті. Ауылдардағы 5300 мектептің жартысында сапалы интернет бар. Қалғанында жұмыстар жүргізілуде.

Жиында балалардың қауіпсіздігі турасында да әңгіме қозғалды.

АЙБАТ ІЛИЯСОВ, ҚР оқу-ағарту вице-министрі:

– Балабақшаларда бейнебақылау камералары орнатылуы тиіс. Ол мекемеге келіп-кетіп жүрген жандарды бақылауға мүмкіндік береді. Ата-аналардың сұрауымен де қосымша камералар орнатуға болады.

Жиында саладағы өзге де өткір мәселелер көтерілді. Олар: жатақхана тапшылығы, IT мамандарының еңбекақысы мен мұғалімдердің біліктілігін арттыру.

 

Алдияр Айтпаев