Төрт түлікке екпе салу науқаны басталып кетті. Қарқынды жұмыс Мағжан Жұмабаев ауданының Полудино ауылында да жүріп жатыр. Елді мекен тұрғындарының барлығы дерлік мал ұстайды. Науқан барысында 1300 ірі қараға, 1400 қойға, 300-ге жуық жылқы мен 100 шошқаға екпе салынбақ. Қазіргі таңда жұмыстың 70%-ы тындырылыпты.
ТАМАРА МИСЕВА, Полудино ауылының ветеринар дәрігері, М.Жұмабаев ауданы:
– Эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында 2023 жылдың басынан бастап барлық белгіленген ветеринариялық іс-шаралар уақытылы жүргізілуде. Ауылдық округте малдардың ауыру немесе өлу жағдайлары тіркелген жоқ. Эпизоотиялық жағдай тұрақты және әрдайым бақылауда.
Қазір дәрігерлер ірі қарадан бруцеллез бен туберкулез аурулары бойынша сынама алады. Кейін алынған қан арнайы зертханаға жіберіледі. Нәтижесі 3 күннен кейін дайын болады. Белгілі бір ауру анықталса мал карантинге жабылады.
Жалпы, мал ұстайтын ағайын төрт түлікті жыл сайын тексертіп, қауіпті ауруларға қарсы вакцина қоюлары керек. Бүгінгі күнге дейін облыста 3400 бас малдан сынама алынды. Оның 192-інде бруцеллез анықталды. Олар санитарлық союға жіберіліп, тұрған жерлері дезинфекцияланды.
Маңызды науқан қыркүйектің соңына дейін жалғасады. Оны өткізу үшін облыстық бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлінген. Айта кетейік, қазір облыста 14 ветеринарлық станция бар.