Кездесуде облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов еліміздің қоғамдық-әлеуметтік өмірінде ақсақалдардың рөлі ерекше екенін атап өтті. Жиын барысында аймақ басшысы өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндап, экономиканы дамыту бойынша өзінің жоспарларымен бөлісті.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бүгінде СҚО – әлеуметтік экономикалық дамудың барлық көрсеткіштері бойынша тұрақтылық пен өсім көрсетіп отырған өңір. Бұл әрине ең бастысы облыс тұрғындарының ортақ күш-жігерінің арқасы деп білемін. Біздің міндетіміз – заман ағымына қарай даму серпінін сақтай отырып, өңірді жаңарту бағдарламаларын жаңа деңгейге көтеру.
Кездесуге келген аға буын өкілдері облыстың жаңа әкіміне өздерінің ізгі тілектерін білдіріп, ұсыныстарын да жеткізді. Ақсақалдар жаңа басшы өңірді дамытуға бар күш-жігерін салатынына мол сенім білдірді.
ЕСКЕНДІР ЕЛЕУСІЗОВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Ардагерлер ұйымдары облыс бойынша ең үлкен қоғамдық бірлестік бола отыра, еліміздің экономика, саяси және т.б. салаларда болып жатқан өзгерістерден тыс қалмай және қоғамдағы тұрақтылық, бейбітшілікті сақтауда мемлекеттік органдардың тірегі бола отыра, ел Президентінің Қазақстанның даму стратегиясы жолында қойған міндеттерінің орындалуына аянбай ат салысуды заңдылық деп есептеймін.
Сондай-ақ, кездесу барысында аймақ басшысы аға буын өкілдерін келе жатқан Халықаралық қарттар күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.