Облыстық қуыршақ театрына Қорған қаласынан “Гулливер” қуыршақ театрының актерлері келді. Жыл сайынғы дәстүр бойынша жерлестеріміз қонақтарды қазақтың қара домбырасымен қарсы алды. Ыстық бауырсақтан дәм татқызып, шашуын шашты.
Ұл-қыздарды қорғандық меймандар өз туындыларымен қуантпақ. Олар көрермендерге “Күлше қыз” ертегісін ала келген. Қоюшы режиссері – Томаш Альферы.
Ертегідегі кейіпкер – Алена есімді қыз. Оның анасы қайтыс болып, әкесі басқа әйел алады. Келіншек ол үйге сіңлісін ертіп келеді. Апалы-сіңлілі жетім қызды жақтыртпайды. Өгей шешесі оның мейірімділігі мен еңбекқорлығын өз қамы үшін пайдаланады. Ал сіңлісі жалқау, ұйқыны ғана ойлайды. Алена есімді қызды бейнелейтін қуыршақты Анна Лазарева басқарады. Айтуынша, басты рөлдегі қыздың образы арқылы балаларды мейірімді, шыншыл және еңбекқор болуға баулу – мақсат.
АННА ЛАЗАРЕВА, “Гулливер” қуыршақ театрының актрисасы, Қорған қаласы, РФ:
– Мен Петропавл қаласына жұмыс сапарымен бірінші рет келіп тұрмын. Бұл спектальді таңдаған себебіміз – оны декорациясымен бірге өзге өңірге жеткізіп, қою жеңіл. Көп актерді қажет етпейді. Мұнда бір адам ғана ойнайды.
Бұл спектакль қос өнер ордасы ортасында бекітілген меморандум аясында қойылып отыр.
АЙБОЛ ҚАСЫМ, облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі:
– Былтыр бізден Алексей Васильев деген актеріміз барып өз өнерін ұсынды. Ол спектакль 1-2 фестивальге қатысып үздік деп танылды. Біздің жиі келетін тұрақты көрермендеріміз білді. Ол спектакль қорғандық көрермендерді таңқалдырып, сүйікті спектальдерінің біріне айналды десек те болды.
Облыстық қуыршақ театрының ұжымы тәжірибелерін арттыру мақсатында қазанда Шымкентте өтетін халықаралық фестивальге қатысуды да жоспарлап отыр.
Гульден Симбаева