Қызылжар ауданындағы Соколовка ауылында 42 жаңа жол белгісі пайда болды.
Елді мекенде жол белгілерін орнату туралы бастаманы жергілікті ардагерлер көтерген.
Ал қалалық мектептердің бірінің директоры білім ұясының жанындағы жол учаскесіне төмпешік орнатып беруді сұраған. Осы орайда тәртіп сақшылары жолдарды зерттеп-зерделеп, жергілікті атқарушы органдарға мектептер мен балабақшалар маңында 10-нан астам жылдамдық шектегішті дұрыстау және орнату туралы ұсыныс жіберген. Жыл басынан бері өңір полицейлері мың жарымнан аса көше-жолға жол белгілеріне қатысты тексеріс жүргізген. Нәтижесінде жергілікті атқарушы органдарға жол инфрақұрылымын жақсарту бойынша 224 ұсыныс жасалыпты.
Серік Әлжанов, СҚО ПД ӘПБ бастығы:
– Белгілерді, жаяу жүргіншілер өткелдерін, бағдаршам объектілерін орнату туралы әрбір тілек мұқият пысықталып, қарастырылады, полиция қызметкерлері жол желісінің учаскелерін тексереді, егер өзгерістер техникалық талаптарға сәйкес келсе тиісті ұйымдарға ұсыныстар енгізеді.