Өңірдегі криминогендік ахуалға талдау жүргізген тәртіп сақшылары облыста әр 4-ші қылмыс алкогольдің әсерімен жасалатындығын анықтады. Көңіл көтеру және қоғамдық орындарда, отбасында – мас адам кез келген жерде заң бұзуы мүмкін. Елімізде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 200-бабына сәйкес 21 жасқа толмаған тұлғаларға спирттік өнім сатуға тыйым салынған. Алкоголь атаулыны сағат түнгі 23:00 мен таңғы 8:00 аралығында саудалауға болмайды. Биыл аталған заң талабын орындамағандарға қатысты 65 хаттама толтырылды. Құрамында спирті бар өнімдерді заңсыз сатқан 200-ге тарта адам жауапқа тартылды. Заңсыз айналымнан 7 мың литрден астам алкогольдік ішімдік тәркіленді. Сондай-ақ, облыста маскүнемдікке шалдыққан 3 мың 300-ден астам адам есепте тұр. Полицейлер биыл 164 адамды мәжбүрлі түрде емдеуге жіберген.