СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Аққайың мен Қызылжар аудандарында болды

Ғауез Нұрмұхамбетов Қызылжар мен Аққайың аудандарына барды. Жұмыс сапарын аймақ басшысы “Қызылжар сүт” тауарлы-сүт фермасынан бастады. Кешен 2020-шы жылы ашылған. Қазір мұнда 1202 бас ірі қара бар. Оның 606-сы – сауынды сиырлар. Қуаттылыққа келер болсақ, мұнда жылына 6 мың тонна сүт өндіріледі.

ОЛЖАС БЕКТАСОВ, “Қызылжар сүт” ЖШС басшысы, Қызылжар ауданы:

– Жабдықтар Германиядан жеткізілген. Ірі қараларға жайлы жағдай жасалған. Жем-шөптің 80% өзіміздікі. Бір сиыр күніне 28 литр сүт береді. Ақты «Масло-Дел», «Eurasian Milk» және «Молсервис» сынды зауыттарға жібереміз.

Қазір фермада 70-тен астам адам жұмыс істейді. Орташа жалақы 310 мың теңгеге жуықтайды. Жыл соңына дейін тауарлы-сүт фермада сауынды сиырлар санын 720-ға жеткізу көзделіп отыр. Кешенде Ғауез Нұрмұхамбетов өңірдегі пилоттық жобаның іске асырылу барысымен де танысты.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Пилоттық жобаны жүзеге асыру үшін 2021-2022-ші жылы республикадан 35 млрд теңге бөлінді. 35 жоба қаржыландырылды. Бір жылда 1400 жұмыс орны пайда болды. Қазір облысымызда 106 тауарлы-сүт фермасы бар. Оның 36-сы заманауи. Биыл 18 жобаны қаржыландыруды көздеп отырмыз.

Аймақ басшысы Смирноводағы элеватор жұмысымен де танысты. Астық қабылдаушы кәсіпорынның сыйымдылығы – 100 мың тонна.

РҮСТЕМ ЕЛУБАЕВ, Аққайың ауданының әкімі:

– Астықтың 85%-ын жинап алдық. Орташа шығымдылық гектарына 14 центнерді құрап отыр. Майлы дақылдардың 20%-ын алдық. Мал азығының 88%-ы жиналды. Қазіргі таңда ауданда 5 элеватор жұмыс істейді. Олар 310 мың тонна астықты қабылдай алады. Бүгінде аталған нысандарға 76 мың тонна жеткізілген.

Оның 50 мың тоннасы осы элеваторға әкелінген. Жалпы, астық Аққайыңнан бөлек, Қызылжар, М.Жұмабаев, Есіл сынды аудандардағы алқаптардан да жеткізіледі екен. Бұл жерде соғылған өнімнің ылғалдылығы, ақуыз бен глютеннің көрсеткіштері тексеріледі.

– 75% третий класс. – Старого урожая нет? – Есть. -У вас ресурс есть? -Есть. -Какой у вас объем ресурсов? – Тогда у вас получается уже на 80% элеватор закрыт.

Аудандарға жасаған сапары барысында Ғауез Нұрмұхамбетов аққайыңдық аграрийлермен кездесті. Басқосу “Полтавское” серіктестігінің арпа алқабында өтті. Аталған агроқұрылым орақ науқанын аяқтауға жақын.

ЕЛТАЙ ЗИКИРИН, “Полтавское” ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

– Екінші жыл қатарынан осы канадалық сұрыппен жұмыс істеудеміз. Шығымдылық жаман емес. Орташа есеппен 15-16 центнер. Жалпы, орақ науқаны қиын болғаны сөзсіз. Бірақ, Ақмола мен Қостанай облыстарында жағдай бұдан да күрделі екеніне қарап, барға қанағат етеміз.

Ағайының барлығы да барға қанағат етіп, күндіз-түні еңбектеніп жатқаны сөзсіз. Қазір азаматтардың барлығын бір сұрақ алаңдатып отыр. Ол – белгіленетін баға.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Азық-түлік келісім шарт корпорациясы бағаны жуық арада жарияласа жақсы болар еді. Бұл нарықты тұрақтандыруға және жоспарлауға мүмкіндік береді. Күтеміз, олар бірер күнде бағаны жариялауға сөз берді.

Жұмыс сапары соңында облыс әкімі “Полтавское” серіктестігінің жүгері алқабына барды. Биыл бұл дақыл 500 гектар жерге себілген. Ал агроқұрылымның жалпы егістік жерінің аумағы 15 мың гектарға жуықтайды.

 

Алдияр Айтпаев