Қоғам

Балалардың құқығын қорғау және қылмыстың алдын алу

Балалардың құқықтарын қорғау мен олардың қатысуымен болатын қылмыстардың алдын алу. Бескөлдегі “Парасат” мектеп-лицейінде осы жөнінде жиын өтті. Басқосуға облыс прокурорының бірінші орынбасары Абу-Әли Саттар қатысты.

АБУ-ӘЛИ САТТАР, СҚО прокурорының бірінші орынбасары:

– Жасөспірімдердің қатысуымен болатын қылмыстардың алдын алуды мақсат етіп отырмыз. 1-07 Мектепте оқитын оқушыларға заң талаптарын түсіндіру. Жастар 16 жастан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал аса ауыр қылмыс жасаса онда 14 жастан басталады. Кейбір оқушылар оны білмеуі де мүмкін. Биыл жасөпірімдердің қатысуымен болатын қылмыстардың саны қысқарды. Бұл мектептерге орнатылған камералар мен түсіндіру жұмыстарының арқасында.

Жиында белгілі болғандай биыл Қызылжар ауданында жастардың қатысуымен 8 заңбұзушылық тіркелген. “Парасат” мектеп-лицейі жастарының бұл істерге қатысы жоқ. Ұл-қыздар ақ-қараны ажырата біледі. Мекемеде білім алатын 325 оқушының бірде-бірі психолог сынды мамандардың назарынан тыс қалмайды екен. Әрдайым профилактикалық жұмыстар жүргізіліп тұрады.

САҒАТ ЕЛЕУКИНА, “Парасат” мектеп-лицейінің директоры, Қызылжар ауданы:

– Ауданда немесе мектептің бір есебінде тұрған балаларымыз жоқ. Оқушылар үзілістерде кітап оқиды. Шахмат, шашки ойнайды. Бала бір нәрсеге алаңдап жүрсе психологпен кез келген уақытта әңгімелесе алады. Психологтар ата-аналармен де жұмыс істейді. Қыздармен бөлек, ұлдармен бөлек инспекторлар жұмыс істейді.

Прокурордың сөзінше жастар арасында ұрлық, бұзақылық фактілері жиі кездеседі.

Қадағалау органының маманы мектеп ұжымынан кейін жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, олардың мұң-мұқтажына құлақ түрді. Бірінші болып Анатолий Никишин мазалайтын мәселесімен бөлісті.

АНАТОЛИЙ НИКИШИН, кәсіпкер, Қызылжар ауданы:

– Кір жуу қызметін көрсететін кәсібімді биыл жалға бердім. Мамырдың 11-і күні Петерфельдтегі кір жуылатын нысаным отқа оранды. Жалға алушы ондағы құрал-жабдықтарын әкетпек болды. Мен қарсы болдым. Себебі, қылмыстық іс қозғалды, объектіде ТЖД мамандары жұмыс істеді. Кейін маған аудандық ішкі істер бөлімінен хабарласып, ертең жабдықтарды тәркілеп әкететіндігін айтты. Маған өзгенің мүлкін тартып алды деген айып тағылды. ТЖД мамандардың анықтамасы негізінде үстімнен іс қозғалыпты.

Бексөлдіктің бұл мәселесіне аудандық полиция бөлімінің маманы нақты жауап берді. Белгілі болғандай іс жалға алушының арызы негізінде қозғалған. Бір ғана анықтама істі қозғау үшін жеткіліксіз екен. Облыстық прокуратура бұл жағдайды қадағалауға алатын болды.

 

Алдияр Айтпаев