Күннің екінші жартысында Ақмәди Сарбасов үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті. С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі ағайынды алаңдатқан басты мәселелерге тоқталды. Біріншісі ең төменгі жалақы жайлы.
АҚМӘДИ САРБАСОВ, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі:
– Президент Жолдауында айтқандай, ең төменгі жалақы 70 мыңнан 85 мың теңгеге дейін өседі. Бұл бағытта біз нақты жұмыстар жүргізудеміз. Осыны енгізу үшін бізге 6 млрд қаражат керек. Бұл бағытта Қаржы министрлігімен жұмыс істейміз. Келер жылдан айлықтар көтерілген күйінде түседі. Ең төменгі жалақы ол ауыл шаруашылығы, сауда және қызмет көрсету саласында.
Бұдан бөлек жиында азамат оңтүстіктен солтүстікке көшіп келген ағайынның қазіргі тұрмыс сапасына тоқталды. Бұл санаттағы жандармен Ақмәди Сарбасов күннің бірінші жартысында кәсіпорындарда жолығыпты. Онда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі мемлекеттің қолдаумен қоныс аударған жандардың жағдайының жаман еместігіне көз жеткізген.
АҚМӘДИ САРБАСОВ, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі:
– Трансформатор зауытына барған кезімде онда оңтүстіктен көшіп келген азаматтардың көптігін байқадым. Басшылық оларға жайлы жағдай жасап отыр. Бұл санаттағы жандардың алатын жалақысы облыстағы орташа жалақыдан жоғары. Жұмыс беруші қызметкерлеріне өз бағдарламасы арқылы үй салып, баспанамен қамтуға да ниет қойып отыр.
Жиында Ақмәди Сарбасовқа сұрақ қою үшін арнайы келген жандар болды. Солардың бірі – Татьяна Ковалева. Нәзікжанды өте өткір мәселені көтерді. Ол басқаратын ұйым аутизмға шалдыққан балалармен жұмыс істейді.
ТАТЬЯНА КОВАЛЕВА, «Мой ребенок» ҚБ жетекшісі:
– Басқа өңірлерде дәрі-дәрмек пен емделу жолына кететін шығындар өтеледі. Мерекеге орай мүгедектер мен зейнеткерлерге ақша беріледі. Біздің облыста мұндай көмектің бірде-біреуі көрсетілмейді. Осы салада жүргеніме 8 жыл болды. Тағы бір мәселе. Мысалы, психикалық ауытқушылығы бар және сот әрекетке қабілетсіз деп тапқан екінші топтағы мүгедек баланы алайық. Ол 18 жастан асса оның күтушілеріне жәрдемақы төленбейді. Бұл мәселе мемлекетте қайта қаралу қажет деп ойлаймын.
Татьяна Ковалева көтерген мәселерді Ақмәди Сарбасов алдағы уақытта қарастыратынын айтты.
Алдияр Айтпаев