Солтүстікқазақстандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары “Бизнеске жол” жобасын іске асыру аясында “Агралық несие корпорациясы” АҚ-ы облыстық филиалының басшысын ұстады. Ол ауылшаруашылық тауарөндірушілерден бірнеше рет пара алды деп күдіктелуде. Ұсталған азамат бұған дейін ҚР Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде бөлінетін кредиттік қарыз беру мәселесін оң және кедергісіз шешу үшін 500 мың теңгеге дейін пара алып келген. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
АЙДОС ЖҮНІСОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:
– Қазіргі таңда ол кісі ауылшаруашылық кәсіпкерлерден 100 мыңнан 500 мыңға дейін көлемінде бірнеше рет пара алды деген күдікке ілініп отыр. Ол күдікті ҚР агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жобасының шеңберінде бөлінетін кредиттік қарыздарды бөлу туралы шешім қабылдау барысында оңтайлы шешім қабылдау үшін алған деген күдікке ілінген. Қазіргі таңда күдікті Петропавл қаласының уақытша тергеу абақтысына қамауға алынды. Қосымша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қалған ақпарат ҚР қылмыстық-процесуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.