Полиция қызметкерлері өңірде “Учаске” жедел-алдын алу шарасын өткізіп жатыр. Соның аясында жер үйлер мен пәтерлерді аралап, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Осы ретте есепте тұрған отбасыларға баса мән беріліп жатыр. Тәртіп сақшылары үй ішінде туындаған жанжалда әйелі мен күйеуі бірдей кінәлі екенін тәжірибе көрсетті дейді. Бірақ, содан жапа шегетін әйелдің өзі мен балалары. Осы ретте тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік қатаңдатылды.
Мұрат АРЫҚОВ, қалалық ПБ ЖПҚБ учаскелік полиция инспекторы:
– 1-ші шілдеден бастап полиция тұрмыстық құқықбұзушылықтарды тіркеудің арызданудан анықтау сипатына көшті. Жаңа түзетулер жәбірленушілердің өтінішсіз әкімшілік құқықбұзушылық іс қозғауға мүмкіндік береді. Хаттама толтыру үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау камераларының және бейнетіркегіштердің жазбалары жеткілікті болады. Соңғы шешімді сот қабылдайтын болады.
Енді жанжалдасқан ері мен әйелі сотта жылына бір-ақ рет татуласа алады. Жақынын таяқтың астына алатын адамды әкімшілік қамаққа алудың мерзімдері де анықталды.
Жанжалқойға ескерту беріледі немесе 5 тәулікке қамалады. Өрескел әрекетін тағы қайталаса 10 тәулікке қамалуы мүмкін.
Мұрат АРЫҚОВ, қалалық ПБ ЖПҚБ учаскелік полиция инспекторы:
– Тараптардың қайта татуласу мүмкіндігі алынып тасталды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы материалдардың жартысынан жуығы татуласу сотында бұрын тоқтатылатын. Енді 1-ші шілдеден бастап сотта бір рет қана татуласуға болады. Бұл зардап шеккендерге психологиялық қысым және қатал тәжірибесін тоқтатуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейді.
Шақырту бойынша келген полицейлер зорлық-зомбылық белгілері нақты көрінген жағдайда өтініш жазылмаса да құқық бұзушылықты тіркеуге құқылы. Осы ретте шілде мен тамыз айлары аралығында 600-ге жуық жағдай тіркелген.