Спорт

Өрт сөндіру бөлімінде мектеп оқушылары арасында жарыс ұйымдастырылды

Өрт сөндіру бөлімінде мектеп оқушылары сынға түсуде. Облыс орталығында өрт сөндіру-құтқару спортынан жарыс ұйымдастырылды. Оған 23 команда қатысуда. Сайыс шымылдығын облыстық ТЖД бастығы Ерік Сарыбаев ашты.

ЕРІК САРЫБАЕВ, СҚО ТЖД бастығы:

– Мектеп оқушылары арасында өткізіліп жатқан жарысты ары қарай да біз қолдаймыз. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін. Төрешілердің әділдігімен шын мықты жеңімпаз болсын.

Бүгін жастар 4 бірдей сынақтан өтулері керек. Біріншісі – құтқарушылар мұнарасы. Қатысушылар нысанның екінші қабатына барынша тез мінуі тиіс. Бұл тапсырманы тәжірибелі мамандар қас пен көздің арасында орындайды. Ал жастарға сәл қиындау болатын сияқты.

Өзара тартысқа түскен 3 жас арасында Даниял Еділбай жылдамдығымен көзге түсті. Ол мұнараны 12 секундта еңсерді. Жалпы, спортқа жаны құмар жерлесіміз бұл сайысқа небәрі екі күн дайындалған екен.

ДАНИЯЛ ЕДІЛБАЙ, жарысқа қатысушы:

– Басында мұнараны көріп сәл қорықтым. Жарыс басталғаннан кейін үрейім басылды. Өзім каратемен айналысамын. Мұндай сайыстар өзіме ұнайды.

Бұл сынақтан кейін қатысушылар құтқарушылардың киімін киіп жарысады. 60 метрлік бөгеттен өтеді. Ал соңында жауынгерлік қанат жаю ұйымдастырылады.

ӘДІЛ СПАЕН, СҚО ТЖД бөлім бастығы:

– Бұл жарыс жыл сайын өтеді. Мақсаты – жастарды спортқа баулу және құтқарушылық қызыметті насихаттау. СҚО ТЖД-де жасөспірімдерден құрылған құрама команда бар. Ол команда республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысады. Бұл сайыста көзге түскен жастарды да сонда іріктеп алғымыз келеді.

Сайыс екі күнге созылады. Жастар ертең жарыс жолына қайта шығып, жеңімпазды анықтайды. Кіл мықтыларға құтқарушылар грамота, медальдар табыстайды.

 

Алдияр Айтпаев