С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада ардагерлерге құрмет көрсетілді. Қара шаңырақта “Шын жүректен” атты әлеуметтік-мәдени жоба шеңберінде өңіріміздің еңбекқор, белсенді азаматтары марапатталды. Алғыс алғандардың бірі – Тұрар Оразалин. Зейнеткер аудандық ардагерлер кеңесінде 2015-ші жылдан бері төрағалық қызметте. Бүгін еңбегі еленген ел ағасының есімі облыстық ұйымның Құрмет кітабына енгізілді.
ТҰРАР ОРАЗАЛИН, Шал ақын ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Ардагерлер кеңесінің жұмысы – ардагерлердің жағдайын жақсарту. Солардың тұрмыстық жағдайын қарастырып, көмек көрсету. Олардың мүдделерін қорғаймыз. Әрине, ардагерлер ұйымы жалғыс өзі барлық жұмысты атқара алмайды, атқарушы органдармен бірге жұмыс істеп барлығын ұйымдастырып келеміз.
Жиында Жамбыл ауданындағы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Нина Шледовец те марапатталды. Оған облыстың “Құрметті ардагері” төсбелгісі табысталды. Жалпы, шарада 6 зейнеткердің мерейі артты. Олар өздері қызмет атқаратын елді мекеннің дамуына зор үлестерін қосып келеді. Бұл жандардың ұрпақ тәрбиесінде де атқаратын рөлі айрықша.
ЕСКЕНДІР ЕЛЕУСІЗОВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Ардагерлер – энтузиазммен жұмыс істейтін адамдар. Бүгін жиналған жандардың барлығы құрметке лайық. Биыл мұндай жиын 4-ші рет ұйымдастырылып отыр. Жалпы, тек қана төрағалар ғана емес, біз еңбек адамдарын да ұмыт қалдырмаймыз. Олардың өткен жолын жастарға, халыққа үлгі есебінде көрсетіп жатырмыз. Мына іс-шарамыз қариялар күніне арналды деп айтсақ та болады.
Жалпы, қазіргі таңда өңірде ардагерлердің 500-ден астам ұйымы бар. Ұйым жұмысы қарттарға қолдау көрсетіп, олардың құқықтарын қорғауға бағытталған.
Гульден Симбаева