Мәдениет

“Ақберен” өнер байқауының облыстық кезеңі өтті

Бүгін Абай атындағы мектеп-гимназиясының қабырғасында республикалық “Ақберен” өнер байқауының облыстық кезеңі өтті. Қаламызда алғаш рет ұйымдастырылып отырған сайысқа өңіріміздің 70-тен астам 8-11 сынып оқушысы қатысты.

Бақдаулет Сағдатов – Сафуан Шаймерденов атындағы классикалық гимназияның 8-ші сынып оқушысы. Бүгін өзін “Ақындар мүшәйрасы” номинациясы бойынша сынап көрді. Яғни, қазылар алқасына өз жүрегінен шыққан туындыларды ұсынды.

БАҚДАУЛЕТ САҒДАТОВ, байқауға қатысушы:

– Мен өлең шумақтарын шығарып әкелдім. Өлеңдерімнің тақырыптары көбінесе өзім және қазақтың ұлы ақындары жайлы. Бүгін мен өзімнің шығарған өлеңімді жатқа айтып беремін. Оны мен осы сайысқа арнап кеше шығарған болатынмын. Сонымен қоса, Абай туралы арнауымды оқып бердім.

Тимур Елеусізов – Шал ақын ауданының тумасы. Домбыраның құлағында ойнайтынына 7 жылдың көлемі болыпты.

ТИМУР ЕЛЕУСІЗОВ, байқауға қатысушы:

– Жалпы, конкурс туралы айтсам, маған өте ұнады. Мен қазақтың ұлттық аспабы – домбырасын әкелдім. Конкурстың басында Құрманғазының ” Балбырауын” күйін орындап бердім, кейін “Адай”күйін орындадым.

Жалпы, сайыс 6 номинациядан тұрады. Оқушылардың жұмысы мен талантын таразыға салу үшін айтыскер-ақындар және Сәбит Мұқанов атындағы драма театрының актерлері шақырылған.

ҚУАНЫШ БЕЛГІБАЙ, «Қызылжар дарыны» дарынды балалар мен дарынды жастарды анықтау және қолдау орталығы директорының міндетін атқарушы:

– Бүгін эссе жазу номинациясы өте жақсы тақырыптармен қамтылған. Қатысушылар өз ойларын 90 минутта еркін жаза алған. Мықтап дайындалғандары байқалады. Қазақ мектептерінің оқушылары осындай жарыстарға қатысуы мұғалімдердің арқасы деп ойлаймын. Бүгін мықтыны анықтау сәл қиынға түсетін сияқты.

Бүгінгі облыстық сайыста үздік деп танылған жас өңіріміздің намысын республикалық кезеңде қорғайды.