Назарбаев Зияткерлік мектебінде “Мөңке күні” шарасы ұйымдастырылды. Лебяжье көлінің жағасында өткен сайысқа ата-аналар мен оқушылардан құрылған 20 команда қатысты. Солардың бірі – 11-сынып оқушысы Даниал Қамит пен әкесі Омар Биманов. Балық аулаудың ұнағаны соншалық әкелі-балалы Бимановтар қыста да қармақ салуды жоспарлап отыр.
ОМАР БИМАНОВ:
– Біз осы шараға екінші жыл қатарынан қатысып отырмыз. Сайыс жақсы ұйымдастырылған. Қауіпсіздік шаралары ескерілген. Негізі, мұндай шара отбасы мүшелерін жақындастыра түседі. Ұлы екеуіміз балық аулап отырып біраз сырластық.
Балық аулау негізінен ер адамдарға тән іс болғанымен баласын қолдап қайыққа мінген аналар да болды. Командалар 3 сағат бойы көл бетінде жүргенде жағада қалған жанкүйер аналар түрлі тағам әзірледі.
ЛӘЗЗАТ ЕЛЕМЕСОВА:
– Біз “Есіл” шаңырағын қолдап қатыстық. Ауа райының салқындығына қарамастан қызымызды қолдауға келдік. Әкесі де, қызы да шараның қызықты өткенін айтып жатыр.
Шараға қатысушылар соңында дастархан басына жиналып, ашық аспан астында астан дәм татты.