МТРА жаңалықтары

Қайтарымсыз қаржы алған отбасы өз кәсібін ашты

Негізгі жұмыс – Владимирдің, ал қолдау -Маринаның мойнында. Левицкийлер – сүйікті істерін кәсіпке айналдырып отырған жанұя. Ғ.Мүсірепов ауданындағы жерлестеріміз жақында шино монтаждау орнын ашты. Қазір отағасы қолы қалт ете қалса осы гараждан шықпайды. Азамат жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетеді. Көліктердің дөңгелектерін жөндейді, май мен тіректерді ауыстырады екен.

Червонное ауылында мұндай қызметке сұраныс жоғары. Елді мекенде мыңға тарта үй бар. Тиісінше, көліктер де аз емес. Бұған дейін жергілікті тұрғындар көліктерін аудан орталығына апарса, қазір Владимирдің гаражына кіргізеді.

ВЛАДИМИР ЛЕВИЦКИЙ, Червонное ауылының тұрғыны, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Қызмет көрсету құны аудан орталығына қарағанда арзанырақ. Бәрі дөңгелектердің көлеміне байланысты. Жалпы, бұл жұмысты енді ғана үйрендім. Достарым келіп білмегенімді көрсетті. Интернет арқылы іздендім.

Бұл бизнесті қолға алуға жанұяға “Бастау бизнес” бағдарламасы сеп болған. Марина Левицкая мемлекет көмегін жазда пайдаланып, оқытудан өтіпті. Өз жобасын сәтті қорғаған нәзікжандыға мемлекеттен 1 млн 380 мың теңге көлемінде грант берілген. Қомақты қаражат гаражды жабдықпен толтыруға жұмсалған.

МАРИНА ЛЕВИЦКАЯ, Червонное ауылының тұрғыны, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Біріншіден, елімізде бизнес ашуға қайтарымсыз грант берілетіндігі қуантады. Біз бұл бағытты тектен тек таңдамадық. Ең алдымен ауылда не жоғын, неге сұраныс барын бағамдадық. Нәтижесінде шино монтаждау орнын аштық. Бұл күйеуімнің кішігірім арманы десем де болады.

Бизнеске бет бұрған жанұяның мақсаты айқын. Отбасы гаражға дөңгелектер мен май өткізуші бөлшектерге арналған жуу қондырғыларын алмақ ниетте.

 

Алдияр Айтпаев