Қоғам

Қала әкімі халықпен кездесті

Серік Мұхамедиев ағайынның мәселесіне құлақ түрді. Бүгін облыс орталығында қала әкімінің халықпен кезекті кездесуі өтті. Жиынға жиналғандардың дені – зейнет жасындағы жандар. Бірінші болып өз базынасын Валентина Михайленко жеткізді. Нәзікжанды тұрып жатқан үй 37 жыл бұрын салынған. Қазір Назарбаев көшесіндегі нысанда жарықтар пайда болған көрінеді, қала тұрғыны соған алаңдаулы. Алдағы уақытта объектіге әкімдік өкілдері барып, жағдаймен танысады. Соның негізінде шешім қабылданады.

Людмила Самохвалова бүтіндей бір Сенная база тұрғындары атынан сөйледі. Индустриальная қысқа көшесіндегі жолдың жағдайы жаға ұстатарлық. Шұрық-тесіктерден бұл жермен жүретін жалғыз автобус та аумақпен қатынаудан қашуда. Маусымда жол жабындысы алынған, бірақ, жаңашылдық орын алмаған.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– Айдың соңына дейін көшеге асфальт төселеді. Ол жақтағы балалар алаңқайына да әкімдік өкілдері барады. Бұл жөнінде мен тапсырма берген болатынмын. Жүктелген міндет орындалмады, шара қолданамын. Жаңа асфальт төселген соң онда жаяу жүргіншілер жолағы салынады.

Көпшілік сан түрлі мәселені қозғады. Қоғамдық көліктердің жұмысы да сынға алынды. Нақтырақ айтсақ, автобустардағы мүгедектігі бар жандарға жағдайдың жасалуы сөз болды.

КЛАВДИЯ ТЕМИРОВА, қала тұрғыны:

– Ауруханаларға шақыртады. Барып тексерілеміз. Автобустарға мініп түсуіміз қиын. Кейде қоғамдық көлікте біздің кіруімізге арналған саты жұмыс істемей жатады. Ондай кезде автобустағы жандардың көмегіне жүгінесің.

Бұдан бөлек жиында үйге деген кезек, абаттандыру мен апаттық баспаналардың жайы сөз болды. Ағайынның әрбір базынасын әкімдік өкілдері қағазға түртіп алды.

 

Алдияр Айтпаев