Қоғам

Татар халқының мерекесі аталып өтілді

Жексенбі күні жергілікті татар-башқұрттардың “Дуслык” орталығында қуанышқа толы шағын той болды. Жиналған көпшілік алғаш рет татар халқының ұлттық «Сомбэле Байрам» атты егін жинау науқанының аяқталуын атап өтті. Ұлттық киім киіп сәнденген көпшіліктің арасында балалар да бар. Мұндағы мақста – жас буынның бойына адал еңбек қасиетін сіңдіріп, ұлттық мерекені дәріптеу.

ЗУЛЕЙХА БИКМЕТОВА, облыстық ҚХА “Дуслык” татар-башқұрт этномәдени орталығының өкілі:

– Бұл мереке ертеден бері тойланады. Ол кезде шашы алтын түсті, көк көзді, көрікті және еңбекқор қыз таңдалып, бидайдан жасалған әшекей тағылатын. Ол қыз кештің иесі әрі көркі болып саналатын. Қазір бұл дәстүр сәл өзгеріске ұшырады, әр жақта әр түрлі тойланады. Бүгін біз ойындар ойнаймыз. Балалар жаттаған өлең шумақтарын айтады.

Мереке әр -қарай көтеріңкі көңіл-күймен жалғасты. “Нұр шашу” би тобы көпшілікке “Ерке қыз” атты би шашуын арнады. Бұл топ өнерпаздары өңірімізде өтетін мәдени шаралардан қалыс қалмайды. Ұжымның мүшесі Адина Дуйшанбенің би билеп жүргеніне 4 жыл болыпты.

АДИНА ДУЙШАНБЕ, “Нұр шашу” би тобының мүшесі:

– Біз топта – 12 қызбыз. Бізге билеген өте ұнайды. Әрі қарай осы қалыпты көрермендерді қуанта береміз. Әр түрлі концертте қатысып үнемі мақтау қағаздарын иеленеміз. Сонымен қатар, жарыстарға қатысып бас жүлделер иеленіп жүрміз.

Этномәдени орталық мүшелері татар халқының ұлттық мерекесін жыл сайын тойлауды жоспарлап отыр.