Өткен сенбі күні облыстық онкологиялық диспансерде ашық есік күні өтті. Бұл жолы 2 онколог-дәрігер мен 2 онко-гинеколог жұмыс істеді. Таңғы 9-дан тексерілемін деген тұрғындар қабылдауға дайын 4 кабинеттің жанына келіп, кезекке тұра бастады. Солардың бірі – Валентина Жаркова.
ВАЛЕНТИНА ЖАРКОВА, қала тұрғыны:
– Мен ашық есік күні өтеді дегенді ести сала осында келемін. Өз денсаулығың өзіңе ғана керек. Оған жауапкершілікпен қарау қажет. Беріліп тұрған мүмкіндікті дерттің алдын алу мақсатында пайдаланып қалуымыз керек. Өзгелері де осылай жасаса артық етпейді.
Ерқанат Байтұрсын – жас онколог-дәрігер. Ашық есік күні шарасына дәрігер ретінде алғаш рет қатысып отыр. Бүгін бас және мойын мүшелерінің онкологиясы бойынша тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Таң атқалы 15-ке жуық адам қабылдапты.
ЕРҚАНАТ БАЙТҰРСЫН, облыстық онкологиялық диспансердің онколог-дәрігері:
– Бүгін емханада 4 дәрігер жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатыр, УЗИ кабинеті, цитология жұмыс жасап жатыр. Келушіден ауру түрі табылған жағдайда бірден микроскоппен қарауға цитологияға жіберіп жатырмыз. Келіп жатқан адам көп. Кейбіреулерінде анықталып жатса, біреуінде күдікті заттар шығып жатыр.
Денсаулығы сыр бере бастағандар тез арада ем-дом қабылдайды. Таңертеңнен Наида Набиуллина өз кабинетінде 10 шақты әйел адамды қабылдапты. Тексерілуден өткен ең жас нәзікжанды 23 жаста болса, ең үлкені 75-те.
НАИДА НАБИУЛЛИНА, облыстық онкологиялық диспансердің онко-гинекологы:
– Негізі, ашық есік күні барысында онко-гинеколог пен маммологтың жұмыс істегені әлдеқайда жақсы. Себебі, кейбір әйелдер 5 жыл бойы тексерістен өтпей жүре береді. Солай ауруды асқындырып алады. Бүгін келген әйелдердің 3-еуіне УЗИ жасатуға жолдама бердік. Келгендердің барлығынан дерлік рак клеткаларына талдама алдық. Дегенмен, қатерлі ісік ауруына шалдыққандарды кездестірмедік. Жалпы, әйел адамға ешқандай ауру-сырқау белгісі байқалмаса да дәрігерге қаралып жүру қажет.
Жалпы, облыстық онкологиялық диспансердің қабырғасында мұндай шара ай сайын өткізіледі. Тұрғындар бұл жайында әлеуметтік желі арқылы хабарландырылады.
Ақжүніс Мұқатай