Ауыл шаруашылығы

Қызылжар ауданында ауылшаруашылық жәрмеңке өтті

Жылдағы дәстүр бойынша Бескөл ауылында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған Қызылжар ауданының тұрғындары мен кәсіпкерлері қатысуда. Сөреге шығарылған тауарлар балғын әрі базарға қарағанда 15-20 пайызға әлдеқайда арзан. Бескөлдіктерді азық-түлік жәрмеңкесі осынысымен қызықтырады. Мәселен, 1-ші сорттық жұмыртқаның ондығы – 420 теңге тұрса, ірімшіктің келісі 950-ден, сиыр еті 2100-ден сатылды. Даража Кәзеева – Асанов ауылдық округінен келіп отыр. Жәрмеңкеде тұрғанына көп уақыт болмаса да жұртшылық ауылдың қаймағы мен сары майын бірден сатып алған.

ДАРАЖА КӘЗЕЕВА, Асанов ауылдық округінің тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– 5 келі ірімшік, 15 литр сүт әкелдік. Сонымен қатар, үйрек, тауықты да сатып жатырмыз. Сүттің литрі – 200 теңге. Май – 15 келі әкелдік, 4800-ден саттық. Оның барлығы сатылып кетті. Әкелгеніміздің барлығы өзіміздікі. Ауылда майды 5 мыңнан сатымыз.

Аудан әкімінің орынбасары Дәурен Шоқановтың айтуынша жәрмеңкеде сүт өнімдері көп.

ДӘУРЕН ШОҚАНОВ, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:

– Картоптың 5 тоннасы сатылды, жұмыртқа да сатылып жатыр. Көбінесе жәрмеңкеге сүт, май, картоп әкелінген. Бұндай жәрмеңкені жыл сайын ұйымдастырамыз.

Алаң адамға лық толы. Әр ауылға арналып шатыр тігілген. Жүре берсең іздегеніңді табуға болады. Тұрғындар өздеріне керекті азық-түліктің бағасын салыстырып, көңілдерінен шыққанын алуда.

– Жұмыртқа мен ет арзан. Ет пен жұмыртқа алдым. Енді қазір картоп аламын.
– Дүкенге қарағанда арзан. Тауық, сиыр етін алдық. Жолдасыммен келдім.
– Ұнап жатыр. Бізге апта сайын болғаны жақсы. Май, қаймақ, ет арзан.

Жалпы, ауылшаруашылық жәрмеңкеде 13 тоннаға жуық өнім сатылды.

 

Гульден Симбаева